Елбасы Жапония императорының таққа отыру рәсіміне қатысты

22.10.2019

Бүгін Жапонияның 126-шы императоры Нарухито ресми түрде таққа отырды. Ел үшін елеулі оқиғаны жапондар «хэйсей», яғни «қол жеткізген бейбітшілік» дәуірінің басталуы деп біледі. Салтанатты шараға әлемнің 170-тен астам елінен мәртебелі меймандар келді. 2 мың жылдық тарихы бар империяның тақ мұрагерін ұлықтау рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапон үкіметінің арнайы шақыруымен барды. Шараның құрметті қонағы болды. 

Әлемде монархиялық биліктен алыстаса да, бабалар жолын сақтап, қос тармақты жүйені бірдей ұстап отырған мемлекеттер аз емес. Солардың бірі - Жапония. Күн шығыс еліндегі айтулы оқиғаға корольдер мен императорлар, ханзадалар мен ханшайымдар өздеріне тән сән үлгісіндегі киімдерін киіп, сарайға ағылды. 

85 жастағы Акихито мамыр айында денсаулығына байланысты тақтан өз еркімен бас тартып, оның орнына 59 жастағы ұлы Нарухито келді. Үш баланың үлкені Оксфорд университетін тәмамдаған. Сарапшылар императордың шетелде оқығаны батыспен байланысты мығымдауда жеңіл болады деп есептейді. 

Нарухито, Жапонияның 126-императоры: 

Жоғары мәртебелі Акихито 30 жыл бойы халықтың бақытын тілеп, қайғысы мен қуанышын бірге бөлісті. Мен де Конституцияға сәйкес өзіме жүктелген міндетті адал атқаруға, жапон халқының бірлігі үшін қызмет етуге ант етемін. Мемлекеттің символы ретінде мен біздің халықтың бұдан да үлкен жетістікке жетіп, адамзаттың дамуына үлес қосады деп сенемін. 

Жапон үкіметінің басшысы Синдзо Абэ жаңа императорға құрмет көрсетіп, құттықтау хатын оқыды. Содан кейін, тақ мұрагерін дауыстап ұлықтады. 

Салтанатты шара жарты сағатқа созылды. Барлық назар Император әулетінде. Сырт көз үшін театрландырылған көрініс сияқты көрінгенімен барлығы жапон ұлтының ғасырлар бойы жалғасқан дәстүріне сай жасалды. 

Дулат Жексенбайұлы, тілші 

Токиода бүгін күні бойы жаңбыр жауып тұр. Бірақ ол императордың таққа отыру рәсіміне ешқандай кедергі емес. Қайта жапондар ежелгі ырым бойынша бұл күнді жақсылыққа балап, жаңа императордың халыққа жайлы боларына сенімді. 

Дулат Жексенбайұлы

Хабарламаларға жазылу