Токиода өтетін паралимпиадаға елімізден ат спорты құрамасы қатысуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Токиода өтетін паралимпиадаға елімізден ат спорты құрамасы қатысуы мүмкін

21.10.2019

Токиода өтетін паралимпиадаға елімізден ат спорты құрамасы қатысуы мүмкін. Бұл туралы Халықаралық ат спорты федерациясының президенті Ингмар Де Востың Алматыға сапары барысында айтылды. Орталық Азияға алғаш рет келген маман өңірдегі ат спортының даму мәселелерін талқылады.

Былтыр Халықаралық ат спорты федерациясының тізгінін қолға алған Ингмар Де Вос қазақ жеріне алғаш рет келді. Құрметті мейман алдымен, Алматыдағы ат спорты клубтарын аралап көрді.

Ингмар Де Вос, Халықаралық ат спорты федерациясының президенті:

Қазақ жерінде ат спорты ежелден бастау алатындығын жақсы білеміз. Бірақ заман өзгерген сайын ойын түрлері де ауысып жатыр. Сондықтан Қазақстанда бұл спорттың дамуына барынша қолдау көрсетеміз. Бапкерлер мен жаттықтырушыларға арнайы семинар өткізуді жоспарлап отырмыз.

Елімізде тұңғыш ат спорты мектебі 1956 жылы ашылған. Бізде бұл спорттың олимпиада бағдарламасына енетін үш түрі жақсы дамыған. Спортшылар халықаралық деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүр. «Бірақ дүбірлі додаларға қатысуға байланысты шешімін тапаған мәселелер де бар»,-дейді бапкерлер.

Әсет Толқынбеков, ҚР ат спорты бойынша бас жаттықтырушы:

Бас мәселе, ол — Қазақстан бізде ветеринариялық жағынан қолайсыз аймақ. Сол үшін біз Қазақстаннан спортшыларды шет елге шығару үшін үш айлық карантин тұру керекпіз. Ең жақын карантин ол бізде Россияда. Үш айлық карантин, сосын ғана бізге рұқсат береді шет елге шығып жарысқа қатысу үшін. Ол өте ақша жағынан шығымды үш ай деген.

Кездесуде мүмкіндігі шектеулі спортшылардың Токиодағы паралимпиадағы қатысу мәселесі де талқыланды.

Ерлан Сүлейменов, ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің атқарушы директоры:

Бізде ат спортынан паралимпиада құрамасы 2009 жылдан бері жасақталуда. Қазір Ұлттық құрама сапында 7 спортшы бар. Олардың 5-і Италияда, Ресейде өткен жарыстарға қатысып, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері атанған. Сондықтан биылғы іріктеуде сәтті өнер көрсетсе, Жапонияға жолдама алуы мүмкін.

Жиын соңында Қазақстан мен Ресейдің ат спорты қауымдастықтары келісімге қол қойды. Бұл меморандум екі ел спортшыларының өзара тәжірибе алмасулары үшін маңызды.

Аманкелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу