Қазақстанда абоненттік нөмірі тіркелмеген бірде-бір телефон жоқ

21.10.2019

Петропавлдық тұрғынның атында 50 мың телефон нөмірі тіркелген. Бұл кімнің кінәсі? Сим-картаға селқос қарау елімізде азаяр емес. Биыл жыл басынан бері телефон мен нөмірді тіркеу міндеттелсе де, нәтиже шамалы. Телефон нөмірі адасып жүргендерден көп. Ал мұның қаупі көп деп отыр мамандар.

Бірден айтайық, Қазақстанда қазір абоненттік нөмірі тіркелмеген телефон жоқ. Тек, көбі иесінің емес, басқаның атында адасып жүр. Тіпті бір абонентке жүздеген, мыңдаған нөмір тіркеліп кеткен. Елордалық Ғалымжан өзінің атында 50 нөмірдің тұрғанын көріп таңданысын жасырмады.

Ғалымжан Мамыров, қала тұрғыны:

Бүгін досым қарап отырып, интернеттен іздеп отырған шығар. Маған жіберді смс-пен, менің атымда 50 нөмір бар. Иә, 3 нөмір менікі, 2 Kcell , 1 Beeline. Қалған 47 нөмірді білмеймін кімдікі екенін. Қазір барып тексертемің. Мына нөмірдің бәрін алдыртамын.

Демек, 47 қазақстандықтың нөмірі бұғатталады. Байланыс үзіледі. Өйткені әу баста ортақ талапты ескермей, абоненттік нөмірдің өз атында тұрғанын нақтыламағандар көп. Енді Ғалымжан симкарталардың бәрін жойып, ондағы бірліктерді өзіне аударып алуына әбден құқылы.

Бауыржан Тәжібаев, ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқарма басшысы:

Кейбір абоненттердің атында 100 нөмір бар, 1000 нөмір бар. 50 мың болған нөмір бар. Мұның қоғамға қаупі өте көп. Сіздің балаңызға танымайтын біреу балағат сөздер жібереді, телефон алаяқтар көп. Сіз арыз жазған кезде, табу мүмкін емес.

Ал байланыс операторлары мен диллерлер симкартаны сатқан кезде абоненттің атына бірден рәсімдеп беруге міндетті. Бірақ оны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Сауда нүктелерінде ешқандай тіркеусіз, ашық түрде заңсыз сатылып жатыр.

Мұндай жағдайда сатушы айыппұл арқалайды. Кемінде 25 мың теңге. Алайда емін-еркін саудаға қарағанда, әзірге ешкім жазаланбаған сыңайлы.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Ал жалпы, телефон нөмірді тіркеудің де, тексерудің де тәсілі жеңіл. Ол үшін rfs.gov.kz сайтына кірсеңіз, жеткілікті. Барлық мәлімет жазылған. Осылайша, өзіңіздің де, қоғамның да қауіпсіздігіне үлес қосасыз.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу