Ақтаудағы саудагерлер базар қожайыны табыс табуға мүмкіндік бермейді деп налиды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтаудағы саудагерлер базар қожайыны табыс табуға мүмкіндік бермейді деп налиды

18.10.2019

Бизнесті дамытуға тосқауыл көп. Ақтауда бір топ кәсіпкер базар басшысына қарсы осылай деп наразылық білдіруде. Саудамен күнелтіп отырған жандар базар қожайыны жалға беру құнын жиі көтеріп, табыс табуға мүмкіндік бермей отыр деп налиды. Ал жекеменшік иесінің де өз айтары бар. Бір тоқтамға келе алмаған тараптар ақыры сотқа жүгінген.

Молдабай Қашимовтың жұбайымен осы базарда сауда-саттықпен айналысқанына 20 жылдан асты. Жылдар бойы отбасылық бизнесті бірге жүргізіп келе жатқан олар, «соңғы жылдары жұмыс істеу қиындап кетті» дейді. Себебі саудагерлер 2014 жылдан бері базар басшысымен бір мәмілеге келе алмай дал. Бастапқыда меншік иесі 45 шаршы метр аумақтың жалға беру құнынын 70 мыңнан 120 мың теңгеге бір-ақ көтерген. Ал былтырдан бері 384 мың теңгеге қымбаттатып жіберген.

Молдабай Қашимов, кәсіпкер:

Мына жерде сауда бірде болады, бірде болмайды. Бала-шағамызды бағамыз ба, әлде Волковты бағамыз ба, түсінбей қалдық. Әдбен біз жем болып шаршадық. Бизнесімізді өркендетейік десек, бүгін босат, ертең босат, зат алдыра алмай отырмыз.

Кәсіпкерлер жалға беру құнын көтеруге негіз жоқ деп есептейді. Өйткені сауда орындары ескі, ешқандай жағдай жасалмаған. Шағым айтып, заңды құқықтарын талап еткен кәсіпкерлер былтырдан бері базар қожайынымен соттасып жүр.

Мейрамбек Әбдіроманов, кәсіпкер:

Біз қудалауға түстік. Бәрі жабылып, мені мына жерден шығарып жібермекші. Ал бұл менің жалғыз табысым.

Лариса Перминова, кәсіпкерлердің сенімді өкілі:

Шағымданбаған жер қалмады. Нәтижесінде базар иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Соңғы сот отырыстарында ол жеңілді. Біз оның заңсыз әрекеттерін әшкерелеп, ортада жалған жалға берушілердің барын дәлелдедік. Шындықты айтып, өз көзқарастары мен құқықтарын қорғаған кәсіпкерлерге енді күн беремей отыр.

Жекеменшік базардың өкілдері кәсіпкерлердің өзін кінәлады. Олардың айтуынша, саудагерлер ортақ талапқа бағынбай отыр.

Арман Демежанов, ЖШС өкілі:

Қазіргі отырған жерлері санитарлық талаптарға сай келмейді. Біз жөндеу жүргізгіміз келеді. Ал олар келіспей отыр. Меншік иесі жалға беру ақысын көтеруге құқылы. Бірақ осы азаматтар 5 жыл бойы жеңілдік алды. Сол тоқтаған соң, жан-жаққа шағымданып жүр.

Қазір екі жақтың да талап арыздары сотта қаралып жатыр. Кәсіпкерлер барлық құзырлы органға шағым түсірген. Ал кірістер деператаменті базар жұмысын тексеруге кірісті.

Аягөз ОРАЛБАЙ


Хабарламаларға жазылу