Қостанай облысының Шишкин ауылында әлі күнге дейін ұялы байланыс жоқ

18.10.2019

Қостанай облысының орталығынан 50 шақырым қашықтағы Шишкин ауылында әлі күнге дейін ұялы байланыс жоқ. Ауыз су қаладан тасымалданады. Салынғанына жарты ғасырдан асқан жол да қазір ойдым-ойдым болып, тас-талқаны шыққан. Сондықтан қатынас қиын. Өркениет жетістігінен ада қалған ауылдықтардың жанайқайын Дәуренбек Әбдібек тыңдап қайтты.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Қостанай-Челябі трассасынан бұрылып Шишкинге баратын жолдың сиқы — осы. Ойылып, ойран-топыры шығып жатыр. 22 шақырым қашықтықты жеңіл көлікпен 1 сағатта жүріп өтуге тура келеді. Қыста қатынас мүлде қиындайды.

Шишкин — бұрын Қостанай ауданына қарасты дербес ауылдық округ болатын. Халқының саны 300-ден асады. Негізгі мектеп, дәрігерлік емхана жұмыс істейді. Былтыр елді мекенді болашағы жоқ деп танып, ауыл әкімдігін таратып Озерный округіне қосты.

Сағитжан Кәмешов, Шишкин ауылының тұрғыны:

Перспектива қайдан болады, егер жағдай жасамаса? Бұған халықтың не кінәсі бар? Бұлар көшкенде қайда барады? Үй сатып алу керек бәленбай сомаға.

Ауылда қазірдің өзінде мыңдаған гектар алқапқа егін салатын екі ірі серіктестік пен бірнеше шаруа қожалығы бар. Тұрғындардың дені соларда жұмыс істейді. Сондықтан қоныс аударуға ешкімнің құлқы жоқ. Тек биліктің болашақсыз деп назардан тыс қалдырғанына наразы.

Раиса Горганчук, Шишкин ауылының тұрғыны:

Біз 22 шақырым жердегі Озерныйға бару үшін көлікке 3 мың теңге төлейміз. Облыс орталығына жету үшін 6 мың теңге, аудан орталығына 7 мың теңге беру керек. Өйткені қоғамдық көлік жүрмейді. Оның себебі жол нашар.

«Осы ой-шұқыр жол қыста дұрыс аршылмайды»,- дейді тұрғындар. Ондайда көлік қарға батып далада қалады. Қоңырау шалып көмек шақыруға ұялы байланыс тағы жоқ.

Владимир Колесник, Шишкин ауылының тұрғыны:

Қазір ватсап деген сияқты байланыс түрлері көп қой. Біз соның бірін білмейміз. Мәселе талай көтерілгенімен, операторлар қосылушылар аз деп орнатпай қойды. Ауылды неге болашағы жоқ деп танығанын түсінбеймін? Біз де адамбыз, жұмысымыз бар, осында тұрып жатырмыз.

Ауылда су құбыры атымен жоқ. Ауыз суды жергілікті шаруашылық қаладан тасиды. Техникалық су жақын маңдағы тоғандардан жеткізіледі. Округ әкімінің айтуынша елді-мекенге су құбыры тартылмайды. Ал жолды жөндеудің техникалық жобасы енді дайындалып жатыр.

Азат Бермухамедов, Озерный ауылдық округінің әкімі:

Техникалық құжат дайындалған соң, жолды жөндеуге кететін қаржының көлемі анықталады. Содан кейін ол бюджетке енгізіліп, 20-21-ші жылдары жүзеге асуы тиіс.

Мұның өзінде жол тек орташа жөндеуден өтеді. Яғни қатты зақымданған бөліктері ғана тегістеледі. Ал ұялы байланыс орнату үшін операторлармен келіссөздер жүргізу жалғаса бермек. Демек шишкиндіктерге өркениет жетістігін пайдаланудың ауылы әлі алыс боп тұр.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу