Президент Корея республикасының сыртқы істер министрін қабылдады

16.10.2019

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяның Сыртқы істер министрін қабылдады. Кан Гён Хва Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан «Орталық Азия – Корея Республикасы» форумының 12 отырысына қатысуға келген. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Қос тарап екіжақты стратегиялық серіктестіктің қазіргі ахуалы мен келешегі жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ жоғары деңгейде жасалған уағдаластықтардың жүзеге асуын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы сауда-инвестициялық және технологиялық, сонымен қатар, мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқыны жоғары. Президент Мун Чжэ Иннің сәуір айындағы сапары өте жемісті болды. Сапар барысында қол қойылған «Самал жел» бағдарламасы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін береді деп санаймыз. Біз экономика және бизнес салалары бойынша ықпалдастықты одан әрі арттыра беруге ниеттіміз.

Кан Гён Хва, Корея Республикасының сыртқы істер министрі:

Келесі жылы біздің елімізге жасайтын сапарыңызды асыға күтеміз. Біздің Президентіміздің Қазақстанға жасаған сапарының нәтижесі өте жемісті болды. Осы сапар аясында қол жеткізілген уағдаластықтар өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтудың нақты бағыттарын айқындады. Оны екі мемлекеттің тиісті органдары сәтті іске асырып жатыр. Барлық мәселе өз жолымен дамуда. Сіздің Оңтүстік Кореяға жасайтын сапарыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа көкжиектерін ашады деп сенеміз.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу