Елордадағы балалар үйінде оңалту тобы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы балалар үйінде оңалту тобы ашылды

16.10.2019

Елордадағы мамандандырылған балалар үйінде оңалту тобы ашылды. Онда даун синдромы, сал ауруы дертіне шалдыққан бүлдіршіндер арнайы мамандардың көмегімен ем қабылдай алады. Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың балаларына арналған топ ашылды. Ерекшелігі - көмекке мұқтаж бүлдіршіндер ол жерде таңнан кешке дейін болады.

Мамандандырылған балалар үйінде қазіргі таңда 45 бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың үштен бірі түрлі дертке шалдыққан. Сол себепті мұнда ерекше бүлдіршіндерге көмек көрсетуге машықтанған мамандар жұмыс істейді. Осы тәжірибені оңтайлы пайдаланып, өзге де балақайларға көмектесу үшін 15 балаға арналған топ ашу ұйғарылған.

Дүрия Сейтенова, балалар дәрігері:

Біз үш айға аштық. Біздің ерекшелігіміз - үш ай ішінде балаларды әлеуметтік қоғамға үйрету. 

Ал екінші топқа әлеуметтік жағынан әлжуаз отбасылардың балақайлары қабылданды. Ата-аналары үшін бұл қызмет тегін. Бастысы ең үздік мамандардың бақылауында. 

Сәуле Кенжебаева, мамандандырылған балалар үйінің директоры:

 ЛФК залы бар, бассейніміз бар, логопед, психолог, дәрігерлер бар.

Жаңа топтардың ашылуына ата-аналар ризашылығын білдіруде. Себебі мұндай сапалы қызмет балалардың оңалуына зор септігін тигізеді. Болашақта бұл тәжірибе нәтижелі болса, топтар санын көбейту де жоспарда бар.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу