«Маңғышлақ-Ақтөбе» бағытындағы пойыз жолсеріктері тағы да бас көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Маңғышлақ-Ақтөбе» бағытындағы пойыз жолсеріктері тағы да бас көтерді

15.10.2019

Маңғыстауда «Маңғышлақ-Ақтөбе» бағытына қатынайтын пойыздың жолсеріктері тағы да бас көтерді. Олар «Қазақстан темір жолы» компаниясының құрамынан жекеменшік мекеменің қарамағына өтуге түбегейлі қарсы. 100-ге жуық қызметкер Президентке хат жазды. Ал акционерлік қоғам, бұл бағыттағы пойызды жекенің қолына беріп жіберген.

«Маңғышлақ-Ақтөбе» бағытындағы пойыз «Алматы Логистик» компаниясының меншігіне берілді. Бұған 132 жолсерік қарсы. Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген комиссия, жұмысшыларды ың-шыңсыз жаңа мекемеге ауысуға шақырды. Бірақ жолсеріктер техникалық базасы жоқ, вагондарды өзге компаниядан жалға алып отырған мекемеге күмәнмен қарайды.

Тілектес Огай, жолсерік:

Бізге, жолаушыларға расында да жағдай жасайтынына көзіміз жетпейді. Сондықтан олар ұсынған шарттармен келіспейміз. Жаңа компанияның вагондары әр жерден жиналған ескі-құсқы. Адам өміріне қауіпті. Сыртын бояп  қойған. Жөнделіп келгендері қозғалғанда қайта шашылып жатыр.

Ақөнер Құлбаева, жолсерік:

«Алматы Логистик» компаниясы 309-310 пойызын жеңіп алды дегенге біз қарсымыз. Біз барлық сұрақтарды қойдық, тұшымды жауап берген жоқ. Басшысы барлық уәдені беріп отыр ғой, құр уәде мұның бәрі деп олаймыз.

Алайда шешім әлдеқашан қабылданып, бұл бағыттағы пойыз жеке компанияға 20 жылға жалға берілді. Олар осы уақытта вогондардың 30 пайызын жаңартуы тиіс.

Қайриден Нұркенов, Көлік комитеті төрағасының орынбасары:

Халықтың наразылығын түсінеміз. Дегенмен алып жатқан «Алматы Логистик» компаниясы жасаған келсім шартында бәрін 132 адамды толығымен өздеріне қабылдап алады. Еңбек ақысынан, не алатын әлеуметтік көмегінен бұлар ешқандай кемшілік таппайды.

Аталған компания, бұған қоса, жалақыны жыл сайын 7 пайызға көтеруге уәде беріп отыр. Сондай-ақ өзге өңірлерден қатынайтын жолсеріктердің жол шығынының 90 пайызын өтейді.

Алтай Борашев, «Алматы Логистик» ЖШС директоры:

Біздің мақсат — бұл бағытты біліктілігі жоғары штатпен қамтамасыз етіп, жолаушыларға сапалы қызмет көрсету. Ешқандай да жұмыстан қысқарту болмайды. Жұмысшылардың темір жол саласындағы еңбек өтілі жалғаса береді.

Жекеменшік компанияның әзірге 10 вагоны ғана бар. Қалған 40 вагонды олар жалға алып отыр.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Жолсеріктер бұған дейін де жекеменшік компанияның қарамағында жұмыс істеді. Сол кезде заңсыз жұмыстан қуылу, 4 жылдық еңбек өтілін есепке алмау, жалақыны төмендету сияқты әділетсіздіктерге тап болып, министрлікке дейін шағымданған. Сөйтіп жүріп күресіп, акционерлік қоғамның қарамағына қайта өткен болатын. Сондықтан олар осы жағдай тағы да қайталанама деп қорқады.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу