Қостанайда жатақханаға мұқтаж 500-ге жуық студент пәтер жағалап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда жатақханаға мұқтаж 500-ге жуық студент пәтер жағалап жүр

15.10.2019

Қостанайда жатақханаға мұқтаж 500-ге жуық студент пәтер жағалап жүр. Себебі қаладағы жоғары оқу орны былтырдан бері жатақхана салуға инвестор таппай келеді. Яғни жоспар бар да, ақша жоқ. Соның кесірінен құны 2 миллирд 400 миллион теңге болатын жоба әлі күнге қағаз күйінде тұр.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Мынау тұрған жоғары оқу орнына қарасты екі жатақхананың бірі. Қазір мұнда студенттер тұрып жатыр. Ал жаңа жатақхана оған дәл қарсы беттен, осы жерден салынуы тиіс еді. Бірақ өздеріңіз көріп тұрғандай, мұнда ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Алаң бос тұр.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде 4 жарым мың студент оқиды. Соның 1500-і аудандар мен ауылдардан немесе өзге өңірлерден келген. Екі жатақхана 720 адамға есептелген болса да, оларда қазір мыңнан астам студент тұрып жатыр.

Гүлжазира Тұрсынәлі, студент:

Жатақханада тұру бізге тиімді. Өйткені университетке жақын. Жайлы. Ал пәтер жалдасақ қаражат көп кетер еді. Оған жолақы да қосылар еді.

Жарқынай Асанова, студент:

Мысалы, біз жатақханаға бір жылға 5 мың теңге төлейміз. Ал пәтерге 1 айға 50 мың төлеу керек. Сондықтан ол тиімсіз.

Тоғыз қабатты, жалпы аумағы 11 жарым мың шаршы метр болатын жаңа ғимарат 500 адамға есептелген. Егер жоба жүзеге асса, осы оқу орнындағы жатақхана мәселесі толық шешілуі тиіс. Бірақ қабылданған бағдарлама бойынша құрлысқа қажетті қаржыны мемлекет бірден бөлмейді.

Нұрлан Мәмиев, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ проректоры:

Инвестор нысанды салып, тапсырғаннан кейін ғана Үкімет ақшаны қайтара бастайды. 8 жыл бойы әр студентке 100 айлық есептік көрсеткіш бойынша қайтарып отырады.

Түйткіл осыдан туындап отыр. Яғни инвесторлар құрлысқа өз қалтасынан қаржы салып, оның өтемін сегіз жыл бойы күту тиімсіз деп есептейді. Оларды ақша толық қайтарылғанша ғимарат меншігінде болатыны, барлық төлемдер өз есептеріне түсетіні де қызықтырмайды. Университет басшылары әзірге екі қабатты тағы бір оқу корпусын жатақханаға айналдыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар жаңа ғимараттың құрлысына инвсетор іздеу жұмысы да жалғаса береді.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу