Елбасы Н.Назарбаев Қырғызстан, Әзірбайжан президенттерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Н.Назарбаев Қырғызстан, Әзірбайжан президенттерімен кездесті

15.10.2019

Әзербайжан астанасы - Бакуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселесін талқылады. Сонымен қатар, Саммиттің маңыздылығына тоқталды. Қырғыз басшысы Сооронбай Жээнбеков Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты құрметті төраға мәртебесін иеленуімен құттықтады. Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Елбасы екі ел қатынастарының дамуындағы оң динамиканы атап өтті. Ал Ильхам Әлиев Елбасына Түркі кеңесінің отырысына келгені үшін алғыс білдірді және екіжақты қатынастарды нығайтуға қосқан үлесін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан астанасының салынуы Баку қаласының дамуына үлгі болғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы: 

Бұл менің Қазақстанның Тұңғыш Президенті мәртебесінде сіздерге алғаш келуім. Елімізде экономикалық даму бағдарламаларын жүзеге асыру және тәуелсіздікті нығайту жұмыстары жалғасуда. Біздің қарым-қатынасымыз қарқынды дамып жатыр. Қазір бізде ынтымақтастықты кеңейту үшін біраз мүмкіндік бар. Сауда көлемін арттыру маңызды. Біз тиісті логистиканы құрдық. 

Ильхам Әлиев Әзербайжан Республикасының Президенті: Қазақстанның Тұңғыш Президентін Әзербайжан жерінде қарсы алу біз үшін зор мәртебе. Сіз Әзербайжанның үлкен досысыз. Көптеген халықаралық мәселелер бойынша әрқашан біздің елімізді қолдадыңыз. Сіздің түркі тілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы үлесіңіз орасан. Мен Қазақстан астанасының тез өзгеріп жатқанын байқадым. ЭКСПО көрмесін тамашалаған кезде құрылыстың ауқымы мен сәулеттік шеберлігіне риза болдым. Қазақстанның барлық жетістіктері Сіздің атыңызбен байланысты. 

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу