Қауіпті індетпен қалай күресеміз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қауіпті індетпен қалай күресеміз?

12.10.2019

Есірткі туралы сөйлегенде есіңді екеу, түсіңді төртеу қылатын мәлімет бар. БҰҰ ресми дерегі бұл, АҚШ -та жасы 12-ден асқан 28 миллион 600 мың адам нашақор ретінде тіркелген. Бұлар ара-тұра апиын іздеп әбігер болатындар емес, есірткі таусылса есі ауысып кететін нағыз нашақорлар. Бұл дегеніңіз, есірткі ел таңдамайды, адам талғамайды дегенді аңғартады. Әйтпесе нашақор туралы айтыла қалғанда олар тек тұрмысы төмен елдерде өмір сүретіндей көреді көпшілік. Бірақ апиын адам, есірткі ел таңдамайды. Бұл тажалдың тосыннан тосырқатып тастайтын тағы бір тұсы мынау, қазір әлемде 10 миллион қылмыскер түрмеде отыр. Ал есірткіден емделетін орталықтардағы адам саны одан 6 есе көп. Өкініштісі, емделіп шыққандардан апиынның арбауына түскендер күн санап көбейіп барады. БҰҰ мәліметіне сүйенсек, әлемде жылына 450 мың адам есірткіні шамадан тыс пайдалып уланып, қаза табады. Бұл сұмдықтар бізден алыста болып жатқандай, біздің қоғам мұндай былықтан ада болып көрінуі мүмкін. Әрине соған сенгің келеді, бірақ олай емес.

Есірткі сатып алу, пайдалану, нашақорға айналу тым жеңіл екенін қабылдау өте ауыр. Заңға қайшы заттар базардағыдай самсап тұр деп сынайтын едік қой бұрын, ал бүгін жарықтың жылдамдығын артта қалдыратын әлемжелі арқылы сатылатын апиынға тосқауыл болу тіптен мүмкін болмай тұр. Құрықталады, қамалады бірақ содан нашақордың саны кемісе, қане. Мына мәліметті қараңыздар, 2015 жылдан бері Қазақстанда әлеуметтік желі арқылы есірткі саудалаған 11033 қылмыс анықталған. Биылғы жылдың сегіз айында интернеттің инесіне отырғандарды есірткінің инесіне отырғызуға тырысқандарға қатысты 4700 қылмыс тіркелген. Ересегі бір бөлек, қазір елімізде 128 жасөспірім нашақор ретінде тіркеуде тұр. Ең кішісі - 14 жаста. Қазақты мазақ қылатын мұндай масқара дерек бұрын болмаған, бүгін ұялғаннан кірерге жер таппаймыз. Бірақ жауырды жаба тоқығанмен жараның жазылмайтыны белгілі. Есірткіге үлкен мен кішіні қалай отырғызады, әлеуметтік желі арқылы апиынға адамдарды қалай байлап тастайды? 

Назым ҚАЙРАТ

Хабарламаларға жазылу