Жамбыл облысының аумағы кеңейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысының аумағы кеңейтілді

10.10.2019

Алматыға алыс, Жамбыл облысына жақын жұрттың көптен бергі талап-тілегі орындалды. Үкімет қаулысымен Алматы облысындағы Жамбыл ауданының мың гектардан астам жері Жамбыл облысындағы Қордай ауданына қосылды. Бұған дейін әкімшілік кедергілерге тап болып жүрген тұрғындар үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтары әлдеқайда жақындай түспек. Шаттыққа кенелген шалғай елді мекеннің тұрғындарымен осы өңірдегі тілшіміз Сәбит Әлдебай сұхбаттасты.

Оразхан Ақпантаева «әскери сохвоз» аталып кеткен ауылда 70-ші жылдардан бері тұрады. Содан бері үйінің құжатын жасай алмай келеді. Жүзден астам түтіні бар елді мекен бұған дейін нақты бір әкімшілік аумақтың құрамында болмаған. Алақандай ауылдың жартысы Жамбыл, жартысы Алматы облысына өтіп кеткен. Зейнеткер құжат алу үшін 150 шақырым жерге талай сабылғанын айтады. 

Оразхан Ақпантаева, Отар ауылының тұрғыны:

Үйіміздің құжаты жоқ. Көп қиналдық. Алматы облысына барсақ, олар айтады біздің аумақта емессіңдер дейді. Жамбылға барсақ, олар да айтады. Екі ортада тұрғын ауыл болатынбыз. Енді мәселе шешіліп отыр. 

Ауылдың барлық мәселесі мұндағы тұрғындарға ортақ. Жарық пен суға кететін шығын жан басына есептеледі. Мемлекет игілігіне қолы жетпеген тұғындар инфрақұрылым мәселесін де өзара шешіп келген.

Батырхан Ақпантаев, Отар ауылының тұрғыны:

Жарық та ешкімге қарамайды. Жекешеміз. Бұзылса, өзіміз жөндейміз. Суымыз да сол.

Жамбыл облысына 1090 гектар алқап пен бірге бірқатар нысан өтіп отыр. Отардағы «Гвардейский» әскери гарнизоны мен оқу-жаттығу полигоны сондай-ақ, биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының ғимараты бар. «Енді Қордай ауданына қарайтын бұл елді мекендегі қордаланған мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі», - дейді мамандар.

Ақжол Каримов, Отар ауылдық округінің әкімі:

Жер мәселесі шешілетін болды. Осы күнге дейін құжаттарын рәсімдей алмай келе жатқан ауыл тұрғындарының мәселесі шешілетін болды.

Қазір Жамбыл облысының аумағы 144 264 шаршы шақырымды құрайды. Жаңа аумақ қосылған соң облыстың жер көлемі 145 355 шаршы шақырымға ұлғайған. 

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу