«Жусан» операциясының ізімен Қазақстан Ирактан 14 баланы қайтарып алуды жоспарлап отыр

09.10.2019

«Жусан» операциясының ізімен Қазақстан Ирактан 14 баланы қайтарып алуды жоспарлап отыр. Олардың аналары сол жақта түрмеге қамалып, өмір бойы бас бостандығынан айрылған. Балалар қазір Ирактағы жетімдер үйінде. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді елордада өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Ауғанстан бойынша жиыны барысында айтты. Министрдің сөзінше, қараусыз қалған балалардың аналары ДАИШ ұйымының құрамында болған. Ал Ирактың заңы бойынша, терористік ұйымға мүше болғандар қатаң жазаланады. Айта кетейік, осы уақытқа дейін «Жусан» операциясы аясында Сириядан елге 406 бала қайтарылған еді. Қазақстан — мұндай гуманитарлық акция жүргізіп жатқан әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі.

Станислав Василенко, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:

Бұл балалардың аналарының бәрі қазақ. 10 жасқа дейінгі балалар. Оларды тағдыр тауқыметіне тастай алмаймыз. Елге әкеліп, тәрбиелейміз, оқытамыз. Бүгінде аналарын да елге қайтару жөнінде Ирак билігімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу