Атырау мен Батыс Қазақстан облысынан шыққан экспедиция Ресей жеріне табан тіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау мен Батыс Қазақстан облысынан шыққан экспедиция Ресей жеріне табан тіреді

08.10.2019

Өткенге көз жүгіртіп көне тарихпен етене жақын танысу рухани жаңғырудың басты тетігі. Осыны негізге алып, Атырау мен Батыс Қазақстан облысынан шыққан экспедиция Ресей жеріне табан тіреді. Мәдени және ғылыми топ өкілдерінің сапары, ортағасырлық «Сарайшық» шаһарынан басталып, кейін Алтын Орда тұсында қазақ астанасы болған қалаларға барумен жалғасты. 16 адамнан тұратын экспедиция Астрахань және Волгоград облыстарының аумағына өтіп, түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Алтын Орда — қазақтың мәдени кодының маңызды бөлшегі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, өз заманында күллі алаштың алтын бесігі болған алып империяны ұлықтауды тапсырды. Батыс нүктеден шыққан экспедиция,

Сарай Бату мен Сарай Беркеге барды. Басты мақсат — Жошы ұлысы төңірегіндегі ашылмаған құнды деректерге қол жеткізу.

Әбілсейіт Мұхтар, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры:

14 ғасырдың орта кезеңінен басталатын, сарай төңкерістері кезеңінде Сарай берке құлдырай бастаған. Оның ақырғы нүктесі, Тоқтамыс ханмен Ақсақ Темірдің соғысқан кезеңіне келеді. Енді мұның барлығын болашақтағы жаңа зерттеулерге итермелейді.

Орда аумағындағы «Ақсарай» алқабында талай құпия бұғып жатыр. Кеңес заманындағы тарихшы Егоровтың болжамынша, мұнда Берке, Өзбек, Жәнібек, Бердібек, Бату ханның мавзолейі бар. Дәлелдер жер бетіне шығып, шашылып жатыр.

Айбек Тұрарұлы, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының ғылыми қызметкері, археолог:

Мынау енді кесененің сыртын әшекейлеген тасы. «Архитектуралық декор» деп аталады. Мынау да соның бөлігі. Сол кезінде үлкен әдемі кесене тұрғызылған.

Деректерге сай, Сарай Батудың іргесі 1256 жылы қаланған. Ресейлік ғалымдар қаланың аумағын өзен жағалауымен есептегенде 15 шақырым, ені далалыққа қарай 3-8 шақырым екенін айтады. Бұған ғарыштан түсірілген сүреттер дәлел.

Евгений Пигорев, Мари Эл университетінің профессоры /Ресей/:

Иван Грозныйдың патшалық құрған кезінде, Сарай Бату қаласын бұзып, тастарын өзен бойымен тасыған. Онымен Астраханьдағы Кремльді тұрғызған. Шаһардың жойылуының ең басты себебі осы .

Қазақстандық ғалымдар, болашақтағы археологиялық зерттеу жұмыстарды ресейлік мамандармен бірлесіп жүргізуді көздеп отыр. Енді экспедиция мүшелері, Алтын орданың астаналары орналасқан осы аймақты, этно-туристік орынға айналдыруды ұсынбақ.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ


Хабарламаларға жазылу