Президенттің қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласын дамыту жөніндегі жиын өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласын дамыту жөніндегі жиын өтті

08.10.2019

Еліміздің айнасы саналатын бас қаламыз елорданың қордаланған мәселесі аз емес. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев солардың бірсыпырасын сынға алып, Үкімет пен қала басшылығына нақты тапсырмалар берді.  

Бүгінгі Мәжілісте астананың жеткен жетістігінен гөрі, кеткен кемшіліктері мен орны үңірейіп, көзге бадырайып тұрған олқылықтары көп айтылды. Әңгіменің әлқиссасын «әйгілі» ЛРТ-дан бастасақ. Президент бұл жобаның әлі де болса даулы екенін, бірақ құрылысын аяқтамасқа амалдың жоқтығын мәлімдеді. Кезінде осы жобаның қалай мақұлданып кеткеніне таңданысын білдіре келе, былыққа батырғандардың бәрін анықтау керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ЛРТ мәселесіне қатысты тергеуді жеделдетуді тапсырамын. Иә, шетелге қашып үлгергендер бар. Бірақ оның алдын ала жоспарланғаны белгілі ғой. Сондықтан жеңілдің асты, ауырдың үстімен өте салмай, дұрыстап үңілу қажет. Атап айтқанда, осы ЛРТ-ге қатысты шешім қабылдаған қала басшыларын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл даулы құрылысты аяқтамасқа амал жоқ. Себебі халықаралық келісімдер жасалып қойылған.

Мұнай мен газдың үстінде отырып, көмір жағып көк түтінге булыққан екі қала болса, соның бірі — осы Нұр-Сұлтан. Күз келмей жатып, өкпені қаритын түтінді биыл қыста тағы жұтады тұрғындар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бірінші кезекте, елорданы газдандыру мәселесін ойлауымыз қажет. Қыста қандай күйде болатынымыз айтпаса да түсінікті жағдай. Қала тұрғындарынан, дипломатиялық корпус өкілдерінен, қаламызда тұратын шетелдіктерден ыңғайсыз. Ал біз өзімізді халықаралық «Астана хаб», «Глобал сити», Еуразия орталығы, Еуразия жүрегі деп мақтағанда қоярға жер таппаймыз. Бұл дұрыс емес. Аз сөйлеп, нәтижелі жұмыс істеуіміз керек. Біз жоспар құруды қатырамыз, баяндаманы майын тамызып жасаймыз, жиналысты креативті өткіземіз. Бірақ іспен сөзіміз көбіне қабыспай қалады.

Мемлекет басшысы бас қаланың барлық талапқа сай болуын талап етті. «Қазіргі сиқына қарасаң, қожайыны жоқ, аңғал-саңғал үй секілді»,- деп бағалады. Себебі салғырт салынған үйлер мен жолдар, әрі қашқан әлеуметтік нысандар, тозығы жеткен ескі тұрғын үйлер, алым-жұлымы шыққан аудандар көзге оғаш көрініп тұрғанын айтты. Сондықтан қаланы адамдарға ыңғайлы етіп, ұқыпты ұстауды күнделікті әдетке айналдыру керек екенін ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті :

Барлығы адамдар үшін жасалуы тиіс. Жаяу жүргіншілер инфрақұрылымына айрықша мән беру керек. Қаланың көптеген бөлігінде жаяу жүргіншілері жолағы мен абаттандырылған тратуарлар жоқ. Адамдар көп жерлерде амалсыздан рұқсат етілмеген жерден жүгіріп өтуге мәжбүр болады. Өз өмірін қатерге тігіп қана қоймай, көлік қозғалысына да кедергі жасайды. Қолайлы жағдай жасамай, азаматтардың заңды бұзуына ықпал етесіңдер. Сондықтан адамдар үшін қолайлы жағдай жасаңдар!

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға айрықша мән берді. Бұл ретте озық елдердің тәжірибесі ескере отырып, жаппай цифрландыру жүргізу керектігін тапсырды. Мәселен, қаланың «көзіне» айналған сергектің өзі сенім үдесінен шыға алмай отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Сергек жобасын қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда толық қолданылып отыр деп санамаймын. Керісінше, жүргізушілерден айыппұлды өндіріп алуға басымдық берілген. Ал шын мәнінде Үкімет пен әкімдіктің міндеті қаланы цифрландыру. Бұл әлемдік тенденция. Сондықтан қаланың тыныс-тіршілігі жедел бақылап отыру үшін заман талабына сай соңғы үлгідегі цифрлық бағдарламаны қолдану керек.

Халық саны 280 мыңнан 1 миллион 100 мыңға дейін өсіпті. 21 жылда 22 миллион шаршы метр үй салыныпты. Баспана құрылысы қарқындай бермек. Бюджеттің және жекеменшік қаржы көздері есебінен. Осы тұста үлестік құрылысқа сенім күшейтілмек. Құрылысқа қаржы құйған халықты алдағандарға қатаң бақылау және ауыр жаза енгізілмек. Азаматтар үшін әлеуметтік ғимараттар салынады, ескісі жаңаратылады. Мәселен, 60 жылдық тарихы бар Темір жолшылар ауруханасы қайта салынбақ. Қала әкімі Алтай Көлгінөвке көп тапсырма берілді. Бас қаланы ыңғайлы, таза әрі іскер ету керектігі жөнінде.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

Нұр-Сұлтан қаласын Евразияның іскер, мәдени және ғылыми орталығы ете отырып жастарды, кәсіпкерлермен туристерді тарту біздің негізгі темірқазығымыз. Сіздің сайлауалды бағдарламаңызбен, жолдауыңызда қойылған негізгі міндеттер барлық әлеуметтік бастамаларды жүзеше асыруға мүмкіндік беріп отыр.

Инеграциялық процестерді дамытып, елорданың инвестициялық ахуалын арттыру мақсаты тұр. Қаланы одан әрі дамыту үшін мемлекетік жекеменшік әріптестік күшейту керектігі тапсырылды. Аспан кеңістігі арқылы, әлем елдерімен, алпауыт қаржы орталықтарымен байланыс нығая бермек. Осы мақсатта шартарапқа бағытталған жаңадан тікелей әуе рейстері ашылады.

 Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу