Мемлекет басшысы Елорданы одан әрі дамыту жөнінде жиын өткізді

08.10.2019
Мемлекет басшысы Елорданы одан әрі дамыту жөнінде жиын өткізді

Қазақстан Президенті Елорданы дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы 10 жылда Елордаға тартылған инвестиция көлемінің азайып кеткеніне назар аударды. Мемлекет басшысы қала әкімдігі мен Сыртқы істер министрлігіне осы бағыттағы жұмысты жандандырып, жуық арада нақты нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды.

– Нұр-Сұлтан экономика мен бизнес ортаға қолайлы жағдай жасайтын қала болып қала беруі қажет. Басты міндеттердің бірі – инвестиция тарту,– деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзекті мәселелердің бірі ретінде баспана беру мен құрылыс жұмыстарының бәсеңдеуін атады.

– Үлескерлік құрылыс мәселесін тез арада шешу керек. Қалада 49 проблемалық нысан бар. Ондағы құрылыстың аяқталуын 13,5 мың үлескер тағатсыздана күтіп отыр,– деді Мемлекет басшысы.

Президент энергетика саласындағы нысандар құрылысының уақытылы аяқталмауын атап айтты. Құрылысы 2010 жылы басталып, биыл аяқталуы тиіс ЖЭО-3-тің пайдалануға берілу мерзімі кейінге шегерілгенін мысалға келтірді. Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың «Сарыарқа» газ құбырына қосылуға дайын болмауын да сынға алды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған инженерлік жүйелерге қосылудың қиындығына назар аударды.

– Көп жағдайда коммуникацияға қосылуға техникалық мүмкіндігі жоқ жер телімдері аукционға шығарылады немесе алдын ала жазылған техникалық талаптар құрылыс барысында өзгеріп жатады. Бұған жол беруге болмайды. Берілетін жер телімдері барлық жүйелерге қосылуға дайын болуы керек,– деп тапсырды Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қолма қол ақшасыз есеп айырысу үлесін арттыру қажеттігін айтты. Қазір Елордада ол небәрі 9 пайызды құрайды.

– Аталған проблема қала тұрғындары мен қонақтарына жайсыз жағдай туғызып қана қоймай, «көлеңкелі экономиканың» өрістеуіне әкеп соғады. Қаржы министрлігі қала әкімдігімен бірлесіп қаладағы сауда нүктелері мен қызмет көрсету салаларындағы бақылау-кассалық аппараттарды, карталық терминалдардың болуын қатаң бақылауға алуы қажет,– деді Мемлекет басшысы.

Президент азық-түлік және күнделікті тұтыну тауарларының қымбаттығына назар аударды. Оның ойынша, бағаның қымбаттығы – инфрақұрылым мен азық-түлік белдеуінің нашарлығы, сауда орындарының жетіспеушілігінің айғағы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарының әкімдіктеріне тауар өндірушілермен және сауда желілерімен тікелей байланыс орнатуды тапсырды.

Мемлекет басшысы өз сөзінің басым бөлігін қала тұрғындарының әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсартуға арнады. Оның ойынша, ішкі миграциялық процестерге бақылаудың болмауынан жыл сайын қала халқының саны артып, ол өз кезегінде әлеуметтік инфрақұрылымға, соның ішінде медицина мен білім саласына салмақ түсіруде.

Президент білім беру ұйымдарында орын жетіспеушілігін айтты. Ол мектептер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығын шешу үшін жекеменшік әріптестікті көбірек тартудың маңыздылығын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық қызметтің сапасын арттыруды да атап өтті. Бұл тұрғыда 60 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген Орталық теміржол ауруханасының апатты жағдайын мысалға келтірді. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы спорттық нысандардың қала тұрғындары үшін қолжетімді болуы үшін қажетті шаралар ұйымдастыруды, «Қазақстан» және «Толқын» спорт кешендерінде қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Президент Елордада тұрғындарының өмір сүруіне мейілінше қолайлы жағдай жасау керектігіне көңіл бөлді. Президенттің пайымдауынша, Нұр-Сұлтан – «төрт құбыласы тең қала» қағидатымен дамуы қажет. Негізгі міндет – жол салу және жөндеу, орталық коммуникацияларды тарту, шеткі көшелер мен «Мичурино», «Интернациональный», «Күйгенжар» елді мекендерін жарықтандыру.

Қасым-Жомарт Тоқаев қала тұрғындарының қозғалысын қамтамасыз ету мәселесін де айналып өтпеді. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы жеңіл рельсті көлік (LRT) құрылысын сынға алды.

– Үкімет пен әкімдікке LRT құрылысын қайта бастау және бірінші кезеңінің аяқталу мерзімін нақты белгілеуді, сонымен қатар, екінші кезеңнің кестесі мен жүзеге асыру тетіктерін айқындауды тапсырамын,– деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдікке көшелердегі көлік кептелісін азайту мақсатында қаланың интеллектуалдық көлік жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ететін шаралар қабылдауды тапсырды. Нақты айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев Сарайшық және Сарыарқа көшелеріндегі кептелісті азайту үшін Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылына дейін көпір салуды ұсынды.  

Президент Нұр-Сұлтан ағылшын тілінде қызмет көрсететін халықаралық орталық ретінде дами беруі керек деді.

– Шетелдік сарапшылар мен инвесторларға ағылшын тілінде «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуді ұйымдастыру керек. Ол үшін қала әкімдігі «Астана» халықаралық қаржы орталығы Экспат орталығының мүмкіндігі мен тәжірибесін пайдалануы тиіс,– деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданың қарқынды дамуы үшін тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де өзекті екенін айтты.

– Жыл басынан бері балалардың терезелерден, балконнан құлау салдарынан 14 тосын жағдай тіркелді. Құрылыс нормаларында қауіпсіздіктің нақты параметрлерін күшейту қажет деп санаймын,– деді Президент.

Мемлекет басшысы қаланың бірқатар проблемаларына тоқталып, оларды шешу жөнінде нақты тапсырма берді. 

Хабарламаларға жазылу