Мемлекет басшысы Сочи қаласына жұмыс сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Сочи қаласына жұмыс сапармен барды

03.10.2019

Ресейдің Сочи қаласында «Валдай» пікірталас клубының 16 отырысы өтіп жатыр. Аталған жиынға қатысу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Сочиге ұшып барды. «Валдай» клубының жұмысына Қазақстан Президенті тұңғыш рет қатысқалы отыр. Биылғы қаузалатын тақырып, «Шығыс таңы және әлемдік саяси құрылым» деп аталады. Пікірталас алаңында біздің Президент әлемдегі ықпалды, танымал сарапшылармен кездесіп, өз пікірін білдіреді. Сондай-ақ, өзге де екіжақты кездесулер өткізеді.

 Шынар Асанқызы, тілші:

Алдымен «Валдай» жайлы бірер сөз. Әлемдік саясатта әжептеуір салмағы бар халықаралық пікірсайыс клубы. Салмақты болатыны, Батыс елдерінің, оның ішінде АҚШ, Еуропа және Азияның алпауыт мемлекеттерінің ең беделді саясаткерлерін бір алаңға жинайды. Алғашқы отырысы 2004 жылы Валдай өзеніне жақын маңда өткендіктен осы атауды иеленген. Клуб отырысы содан бері жыл сайын үздіксіз өтіп келеді.

16 отырыс әлемдік саясаттағы Шығыс елдерінің рөлін талқылауға арналды. Қатысушылар тізімінде де шығыс елдерінің саны басым.

Андрей Фурсенко, РФ Президентінің көмекшісі:

Біз бір кездері Шығыс және Африка елдерімен қарым-қатынасты мүлде ұмыт қалдырдық. Ұмыттық дегеннен гөрі, кейін ысырып қойдық деген де жөн болар. Бұл өте үлкен қателік болды. Өйткені біз үшін әлемнің кез-келген елімен серіктестік орнату қашанда зор маңызға ие болуы тиіс. Әрине арақатынас, өзара байланыс әр елмен әртүрлі деңгейде болуы мүмкін, бірақ мүлде қол үзіп кетуге болмайды. «Валдай» пікірсайыс клубының арқасында осы теңгерімсіздікті түзетіп жатырмыз.

Расында да әлемдік сахнада ұзақ жылдар бойы Батыс мемлекеттері басты ойыншы болып келсе, қазір жағдай басқа. Батыстан шығысқа бет бұрылып келеді. Яғни ғаламшардың Азия аумағы әлемнің қарқынды дамып келе жатқан бөлігі екенін ешкім жоққа шығара алмайды. «Тіпті Шығыс біртіндеп жаһандық саясаттың орталығына айналуы әбден мүмкін»,- дейді сарапшылары.

Андрей Быстрицкий, «Валдай» халықаралық пікірталас клубы даму және қолдау қоры кеңесінің төрағасы:

Үлкен шығыс елдерінің қатысуынсыз біз әлемдік саясатта тәртіп орната алмаймыз. Бұл елдердің дамуы да, көзқарасы да әр қилы. Бірақ олардың қай қайсымен де түрлі салада байланыс орнатуға біздің мүмкіндігіміз зор. Арадағы байланысты жақсартуға арналған шаралар тек бүгінгі жиынмен шектелмейді. Алда да жалғастыра беретін боламыз.

Халықаралық деңгейдегі мұндай басқосулар Қазақстан үшін аса тиімді. Себебі біз халықаралық және аймақтық процестердің қатысушысы болғандықтан сыртқы саяси басымдықтарымызды түрлі ортаға, түрлі саяси қауымдастықтардың алдында таныстыруға мүмкіндік аламыз. Яғни еліміздің сыртқы саяси басымдықтарын кеңейтіп, қолдаушылар аясын арттыруға жол ашамыз.

Ерлан Қарин, ҚР Президентінің кеңесшісі:

Әр мемлекеттен жиналған сарапшылар белгілі бір аймаққа немесе халықаралық аренадағы саясатқа, саяси шешімдердің қабылдануына ықпал еткен тұлғалар. Кездесу барысында саяси қайраткерлер мен мемлекет басшылары сарапшылар қауымдастығы арқылы өз елдерінің ішкі және сыртқы саяси бағыттарының басымдықтарын жеткізуге тырысады. «Валдай» пікірталас клубының отырысын жыл сайын күн мезгілінде өткізу әдетке айналған. Биыл он алтыншы рет өтіп отырған жиында әр мемлекеттен жиналған өкілдер өз елдерінің саясатын әлемдік қауымдастыққа жеткізуге мүдделі.

Жалпы жиынға дейін Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік әріптесі Владимир Путинмен екіжақты кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің елдеріміздің стратегиялық серіктестігі, одақ аясындағы қарым-қатынасы Тұңғыш Президентіміздің кезінде қалыптасқан қарқынмен жалғасып келеді. Біздің ендігі міндетіміз — соны жалғастыру. Әрине әлем бір орында тұрмайды, түрлі мәселелер туындауы мүмкін. Оны бірлесе шешуге дайынмын.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

Халықаралық «Валдай» клубының отырысына шақыруымды қабыл алып келгеніңіз үшін алғысымды білдіреміз. Дипломатия саласында тәжірибесі өте жоғары сіз секілді жанның клуб отырысында пікір білдіруі біз үшін өте маңызды. Бүгінде біздің бірлескен келісімдеріміз министрлік, үкімет деңгейінде дер кезінде жүзеге асырылып келеді.

Клуб отырысына барлығы 37 елден 140-тай сарапшы келген. Арасында шығыс елдерінің саны басым екенін байқауға болады. Және шетінен халықаралық аренадағы саясатқа, саяси шешімдердің қабылдануына ықпал ете алатындай тұлғалар. Пленарлық сессияда Азия елдерінің атынан сыназ алатындардың қатарында Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.

 Шынар АСАНҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу