«Қазақстан» РТРК» АҚ Алматы филиалының директоры Марат Сандықбаев зейнеткерлік демалысқа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» РТРК» АҚ Алматы филиалының директоры Марат Сандықбаев зейнеткерлік демалысқа шықты

03.10.2019
«Қазақстан» РТРК» АҚ Алматы филиалының директоры Марат Сандықбаев зейнеткерлік демалысқа шықты

«Қазақстан» РТРК» АҚ-ның Алматы филиалының директоры Марат Иманқалиұлы Сандықбаевты зейнеткерлік демалысқа шығарып салуға арналған салтанатты шара өтті. 

Жиында «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай Марат Сандықбаевтың телерадиокорпорациядағы атқарған еңбегін жоғары бағалап, кәсіби шеберлігі мен терең тәжірибесі үшін алғыс білдірді. 

«Бүгін біз Марат Иманқалиұлы Сандықбаевты құрметті еңбек демалысына шығарып сала отырып, нағыз маман болып қана қоймай, әріптестеріне адамгершілік үлгісін көрсете білгені үшін алғыс айтамыз. Еңбек жолын сонау 1974 жылы телевизия саласынан бастаған Марат Иманқалиұлы мамандыққа адалдықтан айнымады. Сол кездегі Мемлекеттік телерадио комитетінің Жезқазғандағы филиалынан бастап, қызметін Алматы филиалының директоры ретінде түйіндеп отыр. Телевизия саласының ардагері ретінде жас буынға өнеге мен тәрбие беру ісін жалғастырады деп ойлаймыз», - деді Басқарма төрайымы өз құттықтауында. 

Сондай-ақ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың құттықтау хатын жеткізді.    

 Жиын соңында Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай Алматы филиалына жаңа басшы ретінде Сәуле Жиреншинаны тағайындады.


Л.Танысбай өз сөзінде «Сәуле Жәнібекқызы корпорацияда 29 жыл бойы еңбек етіп келеді. Телевизиядағы барлық қызмет сатысынан өтті. Осы ұжымның өз ішінен тағайындау арқылы филиалдағы береке-бірлікті сақтағымыз келді. Марат Иманқалиұлының өнегесін жалғастыруды ойладық. Қай салада болмасын, сабақтастық сақталғанда ғана табыс бар. Біз де сабақтастықты жалғастырғанды жөн көрдік», - деп атап өтіп, филал жұмысына табыс тіледі. 




Хабарламаларға жазылу