Сайболат Жұмықұлына және Қоңыз батырға ескерткіш қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайболат Жұмықұлына және Қоңыз батырға ескерткіш қойылды

02.10.2019

«Мен ұрпағыммен тірімін». Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында осындай атаумен жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Жыр додасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ертеде ел билеп, көсемдігімен көзге түскен Сайболат Жұмықұлының 350 жылдығына арналды.

Тарбағатайдың құтты қойнауын мекендеген ағайын және алыс-жақыннан келген меймандар алдымен Құйған ауылында жиналды. Мұнда жаңа саябақ ашылып, Сайболат Жұмықұлына ескерткіш орнатылды. Сонымен қатар, жас ұрпаққа тарихтан мол мағлұмат беретін кітаптың тұсауы кесілді.

Мырзақан Шәкенов, Ақжар ауылының тұрғыны:

Рухани жаңғыру, ата-бабамызды келешек ұрпаққа білдірту. Өсіп келе жатқан ұл-қыздар жеті атасын біліп жүрсін деген мақсатпен істелінген дүние.

Төлеубек Мұқамадиев, Шеңгелді ауылының тұрғыны:

Туған елге туыңды тік. Алыста болып, ауылға келмей жүрген ағайын-туысқандар бар. Сол ағайын осындай іс-шараны көргеннен кейін туған елін, балалық күнін есіне алып, келіп, қолдан келгенше көмектесіп жатқан жайлары бар.

Бұдан кейін Ақжар мен Құйған ауылының ортасындағы тасжолдың бойында ел есінде Қоңыз батыр-Құрбан қажы деген атаумен қалған тарихи тұлғаға еңселі ескерткіш қойылды. Ауқымды іс-шара тарихи-танымдық конференциясыға ұласты. Кеш соңы жазба ақындардың мүшәйрасымен қорытындыланып, жеңімпазға су жаңа автокөліктің кілті табысталды.

Нәзипа Мырзасадыққызы, Құрбан қажының немересі:

Осы өлең-жырларды жаттап, қандай бабадан тарағанын, олардың қандай ерлік жасағанын, шыбын жандарын, қасық қандарын халыққа арнағанын балаларымыз, ұрпағымыз түсіну керек.

Ақындар өлең-жырлан оқыса, жыршы термешілер әндерін әуелетті. Мәртебелі меймандар алқалы жиында Тарбағатай өңірінен шыққан тарихи тұлғалар туралы баяндама жасады. Боз кілем үстінде балуандар күш сынасып, аламан бәйге ұйымдастырылды. 

30 шақырымдық аламан бәйгенің бас жүлдесі – автокөлік Үржар ауданынының азаматына бұйырды.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу