Қазақстан-Корея форумы өтті

30.09.2019

Корей түбегін ядролық қарудан азат ету келіссөздеріне кедергі келтіретін бірнеше фактор бар. Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры және Корея қоры бірлесе ұйымдастырған форумының қатысушылары осындай пікірде. Соның бірі - Пхеньянның Вашингтонға сенімсіздік танытуы. Солтүстік Кореяның жаппай қырып-жою қаруларын сынақтан өткізуі Оңтүстік Корея және өзге де жақын орналасқан елдерге әсер етуде. Сонымен қатар Қазақстан мен Корея сарапшылары Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тартуы Бейжіңсіз іске асуы мүмкін емес деп есептейді. Себебі Пхеньянға Қытайдың ықпалы зор. Бұл жағдайда біздің ел Кореяға көмектесе алады. Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның ядролық мамандары арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандум да бар. Ол арқылы оңтүстіккореялық мамандар Семей полигонында зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Ли Чун Гын, Корея Республикасы технологиялық саясат институтының қызметкері:

Қазақстан ядролық сынақтар аяқталған соң америкалық Омега жобасына қатысып, Семей полигонында бірнеше химиялық жарылыс жасады. Осылайша, Кеңес дәуірі кезіндегі сынақтардың сейсмикалық ауытқулары сипаттамаларының байланысын зерттеді. Оның нәтижелері Солтүстік Кореядағы Пхунгери сынақ полигонын тексеру, талдау және бағалау барысында пайдаланылуы мүмкін.

Оңғар АЛПЫСБАЙ


Хабарламаларға жазылу