7 баланың анасы, ұстаз Майра Исраилова – көпке үлгі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

7 баланың анасы, ұстаз Майра Исраилова – көпке үлгі

30.09.2019

Ол — тәжірибелі мұғалім. Оқушыларға білім беретін ұстаз. Ата-аналарға ақыл беретін тәлімгер. Кез-келген істің көзін табатын кәсіпкер. Бұл аздай, қыз-келіншектерді бизнеске баулитын коуч-тренер. 7 баланың анасы түркістандық Майра Исраилова бір мезгілде осылай бірнеше шаруаны шыр айналдырып отыр.

Майра Құдайбергенқызы орыс тілі пәнінің мұғалімі. Бір жерге байланып отыруды қаламайтын ол бірнеше мектепте, білдей университетте дәріс береді. Одан қалса қоғамдық жұмысы басынан асып жатыр. 3 бірдей оқу орнында ата-аналар комитетінің, қыздар кеңесінің төрайымы.

Қолы қимылдағанға- кедейлік жоқ! Аяғы қимылдағанға- алыстық жоқ! Осыны ту еткен Майра Исраилова қыз-келіншектерді қолөнерге, аспаздыққа баулитын курс ашқан. Мақсаты — қазақ әйелдерін нан табуға үйрету. Жастарға ұлттық тәрбиені, салт-сананы сіңіру үшін әлеуметтік желіде өз блогын жүргізеді.

«Еңбегің болмаса, елге өкпелеме, ықтасың болмаса желге өкпелеме». Бабалар сөзін балаларының құлағына құйып өсірді. Соның нәтижесі. Үлкендері үздік оқып, университетке өз күштерімен түскен. Тұңғышы оқу бітіріп, халыққа қызмет етіп жүр. Келіні де оқуда. Немересі — үйдің кенжелеріне ілесіп өсіп келеді. Еңбегіне қарай өнбегі.

Майра Исраилова, Алтын алқа иегері:

Мемлекетке қол жайған дұрыс емес. Ер — ел үшін өледі. Егеменді еліме не берем деген сананы қалыптастыруымыз керек. Наубайшы нанын дұрыс жапса, етікші етігін дұрыс тіксе, берекет сонда. Балалар студент болғанда да, бес күн оқиды. Екі күн демалғанда өздері жол пұлына ақша табады... Өз ақшаңды өзің тап. Қыздарға қамқор бол. Бұл біздің үйдің саясаты.

«Абайдың: «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой»,-деген бес асылын алдымен аналарымыз түсінсе, оны ұрпағының бойына сіңірсе»,- дейді Майра Исраилова. Өз кезегінде Сүлейменовтер әулеті танымал трендтен тыс қалмай, отбасылық челендж жариялаған.  

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу