Мемлекет басшысы Нью Йоркте ірі бизнес өкілдерімен және эксперттермен кездесті

29.09.2019

Нью- Йоркке барғанында Қ.Тоқаев ірі бизнес өкілдерімен және эксперттермен кездесті. Ірі бизнестің қожайындарымен сөйлесудің астары түсінікті. Бір сөзбен қайырсақ, инвестиция. Құйған, құйылуы мүмкін қаржы.

Ал белгілі америкалық саясаткерлер және сарапшылармен кездесуіне келсек, бұл енді қызық тақырып.

Жалпы, сапар АҚШ-тағы ықпалды талдау орталығы — «Атлантикалық кеңес» ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған кездесуден басталды. Жүздесудің «екіжақты қарым-қатынасты нығайту перспективалары» деп сипатталатыны түсінікті. Біздің тоқталғымыз келетіні, Америкада талдау орталықтары трансатлантикалық байланыстар, интеграциялық процестер, қауіпсіздік және қоршаған орта мәселелерін зерттеумен ғана айналыспайды.

Себебі былай... Иә, шешімді Ақ үй шығарады. Дегенмен оған дейін лобби жүреді — келіссөздер, «кілем асты» айқастар мен компроматтар.

Зерттеу, танымдық, деректі материалдар емес, көпшілік үшін түсінуге оңайырақ деп сериалды — «Картадан жасалған үй» сериалын мысалға келтіре аламыз. Сахна сыртындағы ойындар жақсы көрсетілген. Сол сахна сыртындағы лоббиді әлгіндей эксперттер де жүргізеді. Демек мемлекет саясатына тіке болмаса да, жанама, жанама болса да, жақсы ықпал ететін адамдар.


Хабарламаларға жазылу