Атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғандар ақшаны қазынаға қайтарады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғандар ақшаны қазынаға қайтарады

28.09.2019

Атаулы әлеуметтік көмек, көп аталған, көп сыналған, басынан дау арылмаған төлемақы бұл. Президенттің елге болысқан шешімдерін қалай қолдасақ, ескертпелерінде солай қабылдаған дұрыс. Өйткені жәрдемақыларды кімнің, қандай жолмен алып жатқанын біледі, қолында толық ақпарат бар. Өйткені ол - Президент. Тамызда мынадай мәлімет мәлім етілді. Біздің елде атаулы әлеуметтік көмек алған 70 мыңдай отбасы табысын жасырған. 200-300 мың теңге тапқанмен айлық табыстарын 40 мың, 60 мың теңге деп көрсеткен. Арамдықпен алғандардың ақшасы қазынаға қайтарылады. Мемлекет бергенін кері алды деп ашуланудың қажеті жоқ. Өйткені мұқтаж жанға жолданған ақшаны арамдықпен ортадан жұлып алғандарды аяуға болмайды. Қазақты арамдық пен жамандықтан тоқтатқан үш ауыз сөз бар: ұят болады, жаман болады, обал болады. Жарытып айлық төлейтін жұмыс таппай, басында үйі болмай әркімнің босағасында күнелтіп, бала-шағасына тәтті мен қымбат ойыншық түгілі күнделікті асын тауып бере алмай жанарын жас шылаған отбасыға бағытталған қаржыны қулықпен қалтасына салғандарды қалай түсінуге болады? Бұл адамдыққа жата ма? Әрине жоқ. Таяқтың екі ұшы бар. Алдына келгендердің табысын дұрыс тексермей бюджет ақшасын оңды-солды төлеп енді елге жаманатты болған орталық қызметкерлері де жауапқа тартылуы керек.

Хабарламаларға жазылу