Асқар Мамин Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауында азаматтармен жеке кездесу өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Мамин Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауында азаматтармен жеке кездесу өткізді

27.09.2019

Жуырда ғана жан түршігерлік апат болған «Ақсеңгір-Шамалған» теміржол бекетіне жаңадан көпір және жаяу жүргіншілер өткелі салынады. Құрылысы келер жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл туралы бүгін «Nur Otan» партиясының қабырғасында азаматтардың жеке мәселесі бойынша қабылдау өткізген Үкімет басшысы Асқар Мамин мәлімдеді.

Базаркелді Анисов, Алматы облысының тұрғыны:

Қарасай ауданы станция Шамалғаннан келіп отырмын. Көпір жол жөнінде келіп айтпақшымын. Көпшіліктің атынан.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

Жоспарымыз бойынша құжаттарды әзірлейміз қысқа мерзімде. Мен ойлаймын, 1 жылдың ішінде осы көпірді жаңадан саламыз. Біз Амандық Баталовпен осы мәселені қарап шықтық. Жаңа естіп отырсыз ғой, көпірді келесі жылдың аяғына дейін тапсырамыз.

Премьер-Министр бүгін көптеген азаматтарды қабылдап проблемаларына құлақ түрді. Бұл қабылдауға еліміздің әр өңірінен азаматтар арнайы келген. Айтылған мәселелердің қатарында негізінен электр қуатын тарту, ауыз сумен қамту, инфрақұрылымды дамыту сынды әртүрлі әлеуметтік түйткілдер бар. Өз кезегінде Үкімет басшысы жауапты тұлғаларға тапсырма беріп, мәселені дереу шешуді тапсырды. Сондай-ақ Үкімет мүшелеріне «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауларында халықпен жүйелі түрде кездесулер өткізуді ескертті.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу