Сауд Арабиясы туристік виза бере бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сауд Арабиясы туристік виза бере бастайды

27.09.2019

Сауд Арабиясы алғаш рет өз есігін шетелдік туристерге ашатынын жариялады. Сол мақсатпен әлемнің 49 елі үшін жаңа визалық бағдарлама іске қосылып жатыр. Оған қандай мемлекеттер кіргені бүгін кешке белгілі болады. Мұны осыдан бірер сағат бұрын Саудияның Туризм министрі Ахмед әл-Хатеб мәлімдеді. Оның сөзінше, бағасы 80 долларлық визаны интернет арқылы сатып алуға болады.

 Ал, әйелдер бұл корольдікке бұрынғыдай серігімен емес, жалғыз да бара алады. Сонымен қатар, оларға мұсылманша киіну талабы қойылмайды. Дегенмен, қыз-келіншектер Саудияда жеткеннен кейін ашық-шашық жүрмеуі тиіс. Және де өзге дін өкілдерінің Мекке мен Мәдинаға баруына, алкогольдік ішімдік ішуге әдеттегідей тыйым салынады. 

Монархия үкіметі шетелдік саяхатшыларды көптеп тартып, 2030 жылға дейін жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын туризм есебінен толықтырып, мұнайға тәуелділікті азайтудан үмітті.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу