«Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасы талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасы талқыланды

26.09.2019

Жырақта жүрген қандастарымызға «Қазақ картасы» деген құжат берілуі мүмкін. Отандастар қоры оны елшіліктер арқылы беруді ұсынып отыр. Ол құжат сырттағы қазақтарға қазақстандықтармен бірдей өмір сүруге мүмкіндік туғызады. Яғни білім алу, дәрігерге қаралу, бизнеспен айналысу, жұмыс істеу сияқты барлық өмір аспектілерінде Қазақстан азаматтарымен бірдей құқыққа ие болады. Тек саясатпен айналысуға болмайды. Ол үшін азаматтық алуы қажет. Бұндай картаны енгізу шетелдегі қазақтарды қолдауға бағытталған жаңа заң жобасында қарастырылып отыр. Ал ол заң жобасы қазір қызу талқылаудан өтіп жатыр. Құжат келер жылдың басында қабылдануы мүмкін.

Мағауия Сарбасов, «Отандастар Қоры» КЕАҚ вице-президенті:

Қазақ картасы бойынша қазір нақты шарттары-талаптары әзірленді. Ол, мысалға, Қазақстан азаматы болмау, шетелде тұратын қазақ екенін дәлелдеу, қазақ тілін базалық деңгейде білу деген сияқты. Осының бәрін қазір қоғамдық комиссия мүшелеріне ұсынғалы отырмыз.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу