Қазақстандықтар медициналық қызметтерді тұтынушылар және олардың кез келген коммуникация құралы арқылы шағымдануға, ұсыныс айтуға, құқықтарының бұзылуы және басқа да фактілер туралы хабарлауға толық құқығы бар. Пациент құқығының бұзылғаны жөнінде мәлімдеудің, өтініш немесе шағым қалдырудың бір тәсілі - 1406 нөмірі бойынша байланыс орталығына қоңырау шалу.
Барлық өтініштер тіркеледі және міндетті түрде қаралатын болады. Қажет болған жағдайда, сарапшылар өтініште көрсетілген мәселені толық қарау үшін және көрсетілген медициналық қызметтердің сапасын бағалау үшін сол медициналық ұйымға арнайы барады. Егер аурухана немесе клиника тарапынан медициналық қызметтерді сатып алу шартының талаптарын бұзу фактісі расталса, онда медициналық ұйымға медициналық сақтандыру қорымен шарттық міндеттемелерді төлеу ережелеріне сәйкес айыппұл санкциялары салынады.
ТМККК шеңберінде ҚР азаматтары мен оралмандар сақтандыру мәртебесіне қарамастан, жедел көмек, санавиация қызметтерін, негізгі консультациялық-диагностикалық қызметтермен бастапқы медициналық-санитарлық көмекті, динамикалық бақылауды талап ететін созылмалы аурулар (артериялық гипертония, қант диабеті және т. б.) және әлеуметтік маңызы бар аурулар (туберкулез, онкология, АИТВ-инфекциясы және т. б.) кезінде дәрі-дәрмектермен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен амбулаторлық қамтамасыз етуді, стационарлық емдеуді және динамикалық бақылауды талап ететін созылмалы аурулар (артериялық гипертония, қант диабеті және т.б.) және әлеуметтік маңызды аурулар (туберкулез, онкология, АИТВ-инфекциясы және т. б.) кезінде күндізгі стационар және үйдегі стационар деңгейінде емдеу қызсметтерін ала алады. Пациенттің өміріне қауіп төнген кезде шұғыл стационарлық көмек ТМККК аясында да көрсетілетін болады.
Сонымен қатар, ТМККК шеңберінде науқастарға туберкулез кезінде қалпына келтіру емі, паллиативтік көмек және мейірбикелік күтім қолжетімді болады. МӘМС пакеті аясында медициналық қызметтер Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға, республика аумағында тұрақты тұратын сақтандырылған мәртебесі бар шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға ұсынылатын болады.
Анықтама. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық қызметтер екі пакет шеңберінде ұсынылатын болады. Яғни, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС).