«Жас Сарбаз – жастар жылында» атты жаңа жоба жұмысын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жас Сарбаз – жастар жылында» атты жаңа жоба жұмысын бастады

25.09.2019

Жас Сарбаз – жастар жылында. Осындай атаумен Нұр-Сұлтан қаласында жаңа жоба жұмысын бастады. Бүгін ресми ашылу салтанаты өтті. Енді 1 ай көлемінде түрлі патриоттық шара өткізіліп, спорттық жарыстар, рухани кездесулер ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Жобаны жүзеге асыруға мұрындық болған «Астана жастары» ресурстық орталығы, Нұр-Сұлтан қаласының қорғаныс істері департаменті және «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери патриоттық қозғалысы.

Асхат Налшыбек, «Жас Сарбаз» жастар қозғалысы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы:

Негізгі біздің мақсатымыз — Елбасы тапсырмасы аясында балаға бес жасынан бастап, қолына қару беріп, астына атқа отырғызып, жауға шаптырған. Ал қазіргі білім заманында жастарымыздың әскери патриоттық бағытта тәрбие алуы, ол — өте маңызды.

Ашылу салтанаты кезінде жас сарбаздың қатарына жаңадан қосылғандар салтанатты түрде ант қабылдады. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 132 әскери патриоттық клуб бар. Оған 5500- ден астам жастарымыз мүшелікке өткен.

Бахытжан Жүнісбеков, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі қоғамдық даму басқармасы жастар бөлімінің басшысы:

Ең бастысы, бүгінгі біздің жастарымыздың терең білім алып, жаңа инновацияларды меңгеріп, қоғамгның дамуына өздерінің үлестерін қосуы керек. Ал сәйкесінше мемлекет тарапынан жасалып жатқан әрбір шаралар, ол — біздің болашаққа құйылып жатқан инвестиция іспетті.

«Жас Сарбаз» жастар жылында жобасы аясында жеңіл атлетикадан жарыс, ауған соғысы ардагерлерімен және халық қаһармандарымен кездесу, әскери-патриоттық әндер байқауы және күзгі әскери-патриоттық ойындары сияқты ауқымды шаралар жоспарланған.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу