Алматыда 26 адам бизнес бастаймын деп алаяққа алданып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 26 адам бизнес бастаймын деп алаяққа алданып қалды

25.09.2019

Алматыда 26 адам бизнес бастаймын деп алаяқтың арбауына түсіп, алданып қалды. Жәбірленушілердің айтуынша, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан несие алып, бизнес-жоспар құру үшін Нұргүл Әбдірахманова есімді азаматшаға үлкен сомада ақша жинап берген. Сол уақыттан бері екі жыл өткен. Енді не несие, не бизнес-жоспар жоқ. Ал көмек көрсетемін деген Нұргүл Әбдірахманова өзім де алдандым деп, Жанерке Үйсембаева есімді әйелді сотқа берген. Алайда ол өз кінәсін толық мойындағанымен, қарызын қайтармаған. «Ал Әуезов аудандық соты 4 айдан бері түрлі себеп айтып, істі сағызша созып келеді»,- дейді алданғандар.

Нұргүл Әбдірахманова бұрынғы көршісі Жұмабек Әбдіәкімұлын «Даму» қорынан 7 пайыздық кепілмен несие алып беремін деп сендірген. Бірақ оған алдымен бизнес-жоспарға 230 мың теңге керек екендігін айтқан. Осылайша, ол түрлі сылтаумен бүгінге дейін жәбірленушінің 2 миллион 120 мың теңгесін қағып алған.

Жұмабек Жарақбасов, жәбірленуші:

Әне тауып беремін, міне тауып беремін. Әлі сол әуен. Әр келгенде он күн сұрайды соттан. Перщина Светлана Анатольевна дегенді айта береді. Бухгалтер. Сол «Дамуда» бухгалтер болып істейді. Сол адам шығарып беру керек. Қазір сотта да айтып жатыр оны. Ол әйел отыру керек. Ол өзінің жазасын алу керек.

Ал Динара Сәлімбаева қаладан көкөніс, жеміс-жидек сататын дүкен ашу үшін 3 мәрте несие алып, Жанерке Үйсембаеваға 1 миллион 400 мың теңге көлемінде ақша берген. Осы уақытқа дейін бірнеше рет сот отырысы өтсе де, ешқандай шешім шығарылмаған. «Сондықтан алаяқтың ұзақ уақыт бостандықта жүргендігіне наразымын»,- дейді ол.

Динара Сәлімбаева, жәбірленуші: 

Әуезов ауданының сот халық үшін жұмыс істеп жатыр ма? Кім үшін жұмыс істеп жатыр? Сағат 15:00-де дейді де, 16:30-да келеді. Сағат 10:00-де дейді, 11:3,-да басталады. Әуезов ауданы сотының, Шардарбекованың істеген жұмысына қанағаттанған емеспін.

Айыпталушының адвокаты бізге сұхбат беруден бас тартты. Ал кеше осы іске байланысты өткен шешуші сот отырысында Үйсембаеваның кәмелетке толмаған 3 баласы бар екендігін айтып, жазасын жеңілдетуді сұрады. Ал прокурор оны төрт жыл бас бостандығынан айыруды талап етті.

Ернар Саржан, прокурор:

ҚР ҚК 58 бабы 6 бөлігі, 60 бабының 1 бөлігіне сәйкес үкімдердің жиынтығы бойынша және соттың алдыңғы үкімі бойынша, жазаның өтелмеген бөлігін ішінара қосып, түпкілікті төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде белгіленуін сұраймыз.

Бізге сот залына кіріп, түсірілім жасауға рұқсат берілгенімен, соңғы шешім жасырын қабылданды. Тіпті, есік алдында күтіп отырған жәбірленушілер де Үсембаеваға қандай жаза тағайындалғандығын естімеді.

Кейін анықталғандай, сот Жанерке Үйсембаеваны 3 жыл, 6 айға бас бостандығынан айырды. Алайда судьяның бұл шешімімен келіспеген жәбірленушілер апелляциялық сотқа арыз жазамыз деп отыр.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу