Трампқа қарсы импичмент процесі басталды

25.09.2019

АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы Ақ үй басшысына қарсы импичмент процесін ресми түрде бастады. Мұндағы мақсаты – Дональд Трамптың Украина президенті Владимир Зеленскийге қысым жасағанын, не жасамағанын анықтау. Тергеу жүргізілетінін аталған палатаның спикері Нэнси Пелоси жариялады. Егер Трамптың Украинаға қысым жасағаны дәлелденсе, демократтар Ақ үй басшысын отставкаға жіберуден үмітті. 

Трамп шілденің 25-де Зеленскийге телефон соғып, өзінің келесі жылы өтетін президенттік сайлаудағы қарсыласы – демократ Джо Байден ұлының Украинадағы коррупциялық ісін тергеуді сұраған. Егер Зеленский бұған келіскенде Байденнің беделіне үлкен нұқсан келер еді. 

Трамптың өзі Украина лидеріне өтініш айтқанын мойындаса да, мұны қысым деп сипаттауға қарсы. Және де ол Киевке берілуі тиіс 400 миллион доллардың әскери көмегін шамамен екі айға кешіктіргенін де жоққа шығармады.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу