Президент БҰҰ 74-сессиясына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент БҰҰ 74-сессиясына қатысты

25.09.2019

Ядросыз әлем құру қазақ халқының да, көшбасшысының да негізгі ұстанымы болып қала береді. Біріккен Ұлттар ұйымының мінберінен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай мәлімдеме жасады. Нью-Йоркте Бас Ассамблеяның 74 сессиясы аясындағы Жалпы дебаттар өтті. Пікірсайыста сөз алғандардың қатарында қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Ол тек сессия жұмысына ғана қатысып қоймай, бірнеше маңызды кездесу өткізді. Шынар Асанқызы толығырақ әңгімелеп береді.

Біз қазір Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб пәтеріндеміз. Бұл 39 қабатты ғимараттың 2-қабаты.Яғни Бас ассамблея залы осында орналасқан. Қазір бірер минуттан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы залда өтетін жалпы пікірсайысқа қатыспақшы. Бағдарлама бойынша 19 мемлекет басшысы сөйлеуі тиіс, ал қазақ басшысы солардың 11-шісі боп сөз алмақшы.

Мемлекет басшысының екінші күнгі жұмыс кестесі тым тығыз болды. Бір күн ішінде алты бірдей президентпен және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті. 

Ули Маурер. Әлемдегі ең бай, ең қымбат мемлекет саналатын Швейцарияның президенті. Швейцария инвестиция көлемі бойынша біздің Еуропадағы негізгі әріптесіміз. Президенттер кездесуде экономикалық ынтымақтастықты арттыру жайын талқылады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің елдеріміз банк, құрылыс және аграрлық саладағы жобаларды бірігіп жүзеге асыруда. Ал, алдағы уақытта машина жасау, химия, фармацевтика, ауылшаруашылығы, азық-түлік және туризм саласында серіктестік орнатуға дайынбыз. Президент мырза мен сізді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырамын.

Бұл Украина Президенті Зеленскиймен болған екеуара кездесу. Қос көшбасшы президенттік қызметке осы көктемде қатар кіріскен еді. Содан бері бірін бірі көріп тұрғаны осы. Жаңа қызметтеріне құтты болсын айтысты.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Халықтың сізге сенім артуы абыройыңыздың биіктігін, еткен еңбегіңіздің адалдығын көрсетеді. Барша украиндықтардың атынан құттықтауымды жеткізгім келеді және сізді ресми сапармен Украинаға шақырамын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің елдеріміздің арасында тарихи тамырластық пен ортақ болашақ бар.Украинамен арадағы саяси және сауда экономикалық ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз және оған мүмкіндігіміз өте зор.

Биыл Қазақстанның Болгариядағы дипломатиялық миссиясы елшілік болып қайта құрылған еді. Бүгін Президенттер жолығып, бұл шешім байланысымызға серпін беретін болды десті. Ал, Польша Президенті Анджей Дуда халқының Қазақстанға визасыз кіріп шыға алатынына дән риза. Қасым-Жомарт Тоқаевтың одан кейінгі кездесулері Иордания королімен, Грузия президенттерімен арада өтті. 

Біріккен Ұлттар ұйымының сессиясы жер-жаһаннан делегациялардың ағылып, сарапшылардың сабылып жататын жиыны.Түбегейлі шешімдер болмаса да, түрлі бағыт-бағдарлар айтылады.Жөн сілтейтін сараптамалар жасалады. Биылғы сессия күн тәртібіне сауда соғысын, миграцияны, энергиямен қамту, климаттың өзгеруі және кедейліктен құтылу мәселелерін шығарды. Қазақстан өз ұстанымын айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан Республикасының Президенті ретінде тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының биік мінберінен үндеу жолдау – мен үшін зор мәртебе. Біріккен Ұлттар Ұйымы дүниежүзіндегі барша адамзаттың мұң-мұқтажын қорғайтын баламасы жоқ бірегей әрі әмбебап ұйым және әрдайым солай болып қала береді. Адамзатты талай сын-қатер мен қантөгістерден сақтап келе жатқан Ұйымның негізі қаланғанына келесі жылы 75 жыл толады. Бүгінде БҰҰ ғаламдық даму және өркениеттер сабақтастығын қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарып келеді. Бас хатшы Антонио Гутерриштің әр адам мен мемлекет тағдырын ортақ құндылық деп тауып, назардан тыс қалдырмау идеясын Қазақстан толық қолдайды.

Ядролық қарудан ерікті түрде бас тартқан еліміздің ерлігін Біріккен ұлттар ұйымы үнемі өзгеге үлгі етіп отырады. Президент бүгін өңірлік қақтығыстарды шешудің қазақстандық үлгісіне, яғни Астана процесіне ерекше тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Таяу Шығыстағы оқиғаларды, адамзат өркениетінде болып жатқан жеккөрушілік пен зорлық-зомбылықтан азап шеккен оқиғаларды үреймен бақылап отырмыз.Женева келіссөзін толықтыратын Астана процесінің арқасында соғыс қимылдарын тоқтатуға қол жеткіздік. Босқындардың оралуына жағдай жасалды. Қақтығыстардың салдары өте жойқын болады. Және бұл терроризм мен экстремизм туғызатыны белгілі. Бұл мәселелерді БҰҰ –мен бірлескен іс-қимылдардың арқасында шешуге болады. Жалпы біз өркениеттер мен діндердің жаһандық орталығына айналған Қазақстанымызбен мақтанамыз. 

БҰҰ-ның жиынында ағылшын, араб, испан, қытай, француз және орыс тілдері ресми саналады. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев бұған қарамастан, баяндамасын қазақ тілінде бастады. Осыдан 4 жыл бұрынғы сессияда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та мінбердегі сөзін мемлекеттік тілде жеткізіп еді. 200-ге жуық мүшесі бар жаһандық ұйымның алқалы жиынында қазақ тілінің естілуі қай-қайсымыз үшін де мақтаныш, мәртебе.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу