Мемлекеттен еш көмек алмай-ақ бала-шағасын асырап отырған көпбалалы отбасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттен еш көмек алмай-ақ бала-шағасын асырап отырған көпбалалы отбасы

24.09.2019

Елордада көп балалы әрі аз қамтылған отбасылар мемлекеттің қайтарымсыз грантын ұтып алды. Нәтижесінде 10 отбасы бизнес бастап, кәсіптен нәсіп тауып отыр. Үйден шықпай-ақ, бала тәрбиесі мен табыстың кілтін қатар алып жүргендердің бірі – Жұлдызай Тоқмырзаева.

Жұлдызай – көп балалы ана. Үйде отырып балаларын тәрбиелейді, табысты да табады. Қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, мемлекеттің грантын ұтып алған. 500 мың теңге. Әрі қомақты сома - қайтарымсыз.

Жұлдызай Тоқмырзаева, көп балалы ана:

Жолдасым екеуміз осы тігінмен өз нәпақатымызды тауып жатырмыз. Мемлекетке тәуелді болмай, өз немізді өзіміз асырап, өз күнімізді асырап жатырмыз. Әке-шешеміз ондайды ұнайтпады. Біреуге алақан жайғанды. Сол себептен біз өзіміз тігін саласын ашып, өзіміздің ісімізді алға қойып, жұмыс істеп жатырмыз.

Қол қусырып отыру — оған тән емес. Қазір күзгі жиын-терімнің уақытын тиімді пайдаланып дастарханының берекесін кіргізуде. Отбасының қыстық қамы дайын әрі артылғанын сатып, пайда табады.

Жұлдызай Тоқмырзаева, көп балалы ана:

Отасқанымызға 7 жыл болды. Ешкімге өкпеміз жоқ. Басында қанша қиындықтар болды. Бірге жеңіп келе жатырмыз. Аллаға шүкір! Балаларымызды өсіріп, алдымызға оқуға барып жатыр. Өстіп, ешкімнен ешнәрсе сұрамай, өз өмірімізді өзіміз сүріп жатырмыз.

Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің. Жас отбасының басты ұстанымы осы. Балаларын да еңбекке баулып, еліне қызмет ететін азамат қылып өсіруге күш салуда. Бизнес пен бала тәрбиесін қатар алып жүрген Жұлдызай кәсібін одан әрі кеңейте бермек.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу