Жарқын жоба - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жарқын жоба

24.09.2019

Астаналық ғалымдар инсульттан кейінгі сауықтыруға арналған "экзоскелет" жасап шығарды. Интеллектуалды басқару жүйесі арқылы ауыр дерттен аман қалғандар өмірге қайта бейімделе алады. «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы аясында бастамаға қолдау тапқан ғалымдар келешекте медицинаны дамытып, науқастардың тезірек сауығып кетуіне зор үлесін қоспақ. 

Экзоскелетті Назарбаев университетінің докторанты Бейбіт Әбдікенов бастаған ғылыми топ жасап шығарды. Жобаны жүзеге асырып жатқандарына екі жыл болыпты. Заманауи робот инсульт алып, қолы сал болып қалған науқастарға арналған. Аппарат сауықтыру тобының жұмысын әлдеқайда жеңілдетпек. Яғни, физиотерапевттің осыған дейінгі іс-қимылдарын бұдан былай экзоробот жүзеге асырады.  

Бейбіт Әбдікенов, жоба жетекшісі:

Сал болып қалған адамдардың көпшілігі көбінде қалпына келмей жатады. Инсульттан кейінгі реабелитация өте қымбат шара. Сондықтан көпшілік реабелитация өте алмай жатады. Оны өтетін қалталы адамдар немесе туғанына уақытын жұмсай алатын, қарай алатын адам керек. 

Ғылыми топтың жарқын жобасы дәл осы мәселені шешуді көздейді. Ал құрылғының жұмыс істеу механизмі мынадай: мидың сигналдарын оқитын аппарат науқастың басына кигізілген соң, ондағы ақпарат компьютерге түседі. Кейін науқас өзіне қажетті іс-қимылды ойлау жүйесі арқылы жеткізеді. Сонда мына қолға тағылған құрылғы да іске қосылады.  

Бейбіт Әбдікенов, жоба жетекшісі:

Біздің болжамымыз бойынша, біз 7-8 есе арзанбыз шетелдік компаниялар ұсынып отырған шешімдерден. 

Біздің аппарат өте мобильді. Сондықтан, шалғайда жатқан жерлерге жеткізе аламыз. План бойынша 2024 жылға біз 400-500 дәрігерлік пункттарда қоюымыз керек. 

Бүгінде қолға жан бітіруге арналған экзоскелет елорданың ауруханаларында қаралуда. Ғылыми топ оны медициналық мекемелерге келер жылы енгізуді көздеп отыр. Ал, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 50 мыңға жуық адам инсультқа ұшырайды. Ал, оның 24 пайызы қайтыс болса, көпшілігі сал болып қалады. Сондықтан, осындлай туынды толықтай қолданысқа енетін болса, көпшілікке пайдасы тиер еді. 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ




                                                          


Хабарламаларға жазылу