Оңтүстіктен өңірден Ильичевка ауылына көшіп келген бірнеше тұрғынның үйлері сапасыз болып шыққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстіктен өңірден Ильичевка ауылына көшіп келген бірнеше тұрғынның үйлері сапасыз болып шыққан

20.09.2019

Теріскейдегі Тайынша ауданына оңтүстік өңірден қоныс аударғандардың жергілікті атқамінерлерге өкпелері қара қазандай. Былтыр көшіп келіп, Ильичевка ауылына тұрақтаған бірнеше ағайынның үйлері сапасыз болып шыққан. «Жыл өтсе де жергілікті билік қарайласпады»,- дейді олар.

Қайрат Шүнетов Тайынша ауданына былтыр көшіп келген. Ауданның басшыларына сеніп жер сипап қалдым деп ашынады. «Сыртынан қарағанда баспана мінсіз боп көрінгенімен, қыста пана болмады»,- дейді ол . Алғашқы аязда - ақ су қатып қалған, суағары мүлдем жоқ. Бала шаға дірдектеп тоңған соң, амалсыз үй ауыстырыпты.  

Қайрат Шүнетов, ауыл тұрғыны:

Бәрімізді мақтап-мақтап алып келген, алдап-алдап. Келгесін бір ай жаттық мектепте, бір класында. Президент келді де, арғы шеттегі «Президентский үй» дейміз, соны берді, оны оқтай қылып жасап қойған. Президент кеткесін аудандағылар да кетті. «Әне-міне»,- дейді. Түк істеген жоқ. Жүрміз осылай, бір жыл өтті.

Былтыр аудан басшылары 14 үйді салтанатты түрде тапсырған. Бірақ, қазір соның 6-ында ғана адам тұрып жатыр. Өйткені сырты бүтін болғанымен, ішінде түк жоқ.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

Бұл үйлер былтыр тұрғызылғанымен, ішкі әрлеу жұмыстары енді жүргізіліп жатыр. Әкімшіліктің жоспарына сәйкес былтырғы тамызда тапсырылуы тиіс болатын. Енді құрылыс жұмыстарының кеешуілдеуі себебінен, қыркүйектің аяғында береді деп жоспарланып отыр.

Ал жергілікті атқамінерлер болса үйлерді биылдан қалмай тапсырамыз, ауданға көшіп келетіндерге береміз деп отыр. Тұрғындардан түскен шағымдарды ескеріп, олқылықтарды жоймақ.

Талғат Әміржанов, Тайынша ауданы әкімінің орынбасары:

Жылыту жүйесінің сапасына түскен шағымдар бойынша, кемшіліктерін жойдық. Кей үйлерді жаңарттық, биыл тапсырылатын үйлерде ондай болмайды деп отырмыз.

Дегенмен жөнделіп жатқан 5 үйге де жергілікті тұрғындардың көңілі толмайды. Құрылыс сапасыз жүргізілуде, алаулатып-жалаулатып тапсырғасын-ақ билік бізді ұмытып кетеді деп қынжылады.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу