Алматы облысында мәдениет саласының қызметкерлері көпбалалы отбасыларға баспана сыйлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында мәдениет саласының қызметкерлері көпбалалы отбасыларға баспана сыйлады

19.09.2019

Алматы облысының өнер ұжымдары мәдениет маусымын салтанатты түрде бастап кетті. Бикен Римова атындағы драма театры, Сүйінбай атындағы облыстық филармония және басқа да көптеген топтар мен ансамбльдер бір мезетте облыс орталығында бас қосып қала тұрғындарына керемет көңіл күй сыйлады. Ал маусымашар концертте жетісулық көпбалалы отбасылар баспаналы болды.

Баспаналы болған 4 көпбалалы отбасыны қуантып жатқан мәдениет саласының қызметкерлері. Өнерпаздар, журналистер, тіпті, той асабалары қаржы жинап, алды алты, кемі төрт баласы бар аналарға пәтер кілттерін өздері табыстады. Ең қызығы бұл отбасыларды Талдықорғанға концерт көруге, мәдениет маусымының ашылуына барасыздар деп шақырған.

Жұлдыз Сұлтанбаева, көпбалалы ана: 

Қуанышты жеткізу мүмкін емес. Мен енді көп балалы анамын. Қиналдық. Бірақ ойлаған жоқпыз осылай кілт сыйлайды деп. Рахмет айтам бәріне. Әкімге, көмектескен жандарға. Осындай игі шаралар жалғаса берсін.

Жаңа маусым жаңалықтарға толы болмақ. Өнер ұжымдары жас әнші-биші, актерлармен толығып жаңарып қалды. Қара шаңырақ Бикен Римова театры бірнеше премьера дайындап жатыр. Биыл мәдениет саласына облыс қоржынынан 6,6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтіп, құрал-жабдық, техника және сахналық киімдер алынды.  

Мәрлен Көлбаев, Облыстық мәдениет басқармасының басшысы: 

3 ай демалыста үш жаңа қойылым дайындадық. Жаңа қойылымдарда бүгінгі күні мерей той өтейін деп жатқан Балпық бабамыздың 325 жылдығы, Тынышбай Мұхамеджановтың 140 жылдығы, Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдығы. Осы спектакльдеріміз бар.

Өңірде мәдениет саласында 3 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өнерді бағалайтын көрермен барда, өнерпаздар да аянып қалмақ емес. «Жаңа маусымның жаңаша басталуы соның дәлелі»,- дейді талант иелері.  

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу