Алматыда 3 балалы әйелді көлік қағып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 3 балалы әйелді көлік қағып кетті

19.09.2019

Алматының Ұлжан шағын ауданында жолдан өтіп бара жатқан үш балалы әйелді көлік жүргізушісі қағып кетті. Абырой болғанда, төртеуі де дін аман. Куәгерлердің айтуынша, Тәкежанов көшесінде жол апаты жиі болады. Себебі, осында орналасқан мектеп оқушылары күнде өтетін көше мен қиылысқа ешқандай жол белгілері қойылмаған. Сондықтан, тұрғындар мектепке баратын жолдың бойымен төтесінен тартып, тәртіп бұзуды әдетке айналдырған. 

Жергілікті тұрғындар балаларын мектепке жалғыз жібере алмайды. Өйткені, мектеп маңындағы мына қиылыста жаяу жүргіншілер өткелі қарастырылмағандықтан талай адам көліктің астында қалған/.

"Тайота" маркалы автокөліктің жүргізушісі осы қиылыстан өтіп бара жатқан әйел мен балаларды көре тұра қасақана қағып кетті, дейді куәгерлер.

Осы аумақта орналасқан 152-ші мектеп-гимназиясында 3000-ға жуық бала білім алады. Көбісі оқуға тез жету үшін осы қиылыстан жандарын шүберекке түйіп өтеді. 

Нұржан Ақылбекова, №152 мектеп-гимназиясы бастауыш сыныптары бойынша оқу ісінің меңгерушісі:

Осы шараны ескере отырып, ата-аналардың үнін де тыңдайтын шығар, мына ұстаздардың да үнін тыңдайтын шығар деген ойдамыз. Мектептің айналасына жол белгілері болса, біздің өтінішіміз сол.

Ал, Алатау ауданы әкімдігінің мамандары осы айдың аяғына дейін жол белгілерін орнатамыз деп уәде берді.

Ертіс Бесіров, коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

Биылғы жылға Тәкежанов көшесінде орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір аяқталды. ++00:38 Жол белгілерін салу жұмыстары жүргізіледі. Осы қыркүйек айының соңына шейін толық жұмыстар атқарылатын болады.

Зардап шеккендер қазір 1-ші ауруханада емделіп жатыр. Олардың жағдайы бірқалыпты. "Тек 4 күннен кейін үйіне жібереміз", дейді дәрігерлер.

Дінмұхамед Рузуддинов, балаларға жедел жәрдем көрсету орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

Тоғыз жасар баланың ешқандай жарақаты болмағандықтан үйіне қайтарылады. Бес жасар, алты жасар бала тексеріс барысында іш пердесінің соғылуы деген диагноз қойылып, қазіргі таңда ауруханаға жатқызылды.

Алатау аудандық ішкі істер бөлімінің мамандары оқиға орнына жедел жетіп, тиісті шараларды қолданды. Қазір полицейлер осы оқиғаға қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу