Өңірлерде мал дәрігерлері тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлерде мал дәрігерлері тапшы

18.09.2019

Елімізде мал дәрігерлері тапшы. Оған басты себеп — жалақының аздығы. Мәселен, бүгінде Ақмола облысында ветеринария саласында 32 маманның орны бос тұр. Алдағы жылдары ахуал мүлдем қиындауы мүмкін. Себебі мал дәрігерлерінің қатары жас мамандармен мүлде толығып жатқан жоқ.

Айтбай Нарбаев 30 жылдан астам мал дәрігері болып қызмет етеді. «Жұмыс оңай емес», - дейді білікті маман. Қазіргі уақытта таңнан кешке дейін қора-қопсыда жүруге келісетіндер кем де кем. Айлық маңдай терді ақтамайды.

Айтбай Нарбаев, мал дәрігері:

Жалақы да бізде аздау. 90 мың теңге жалақы, қолға тигенше сол 70 бірдеңе мың теңге келеді. Ол енді отбасыларымызға қазір жалақы емес қой.

Мал дәрігерлері ауылға қажетті мамандар. Бірақ бұл мамандық «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына енбеген. Сондықтан өңірлерге барып жұмыс істеймін деген жастардың баспана мәселесі шешілмеген.  

Әскер Қайыржанов, Бурабай аудандық мал дәрігерлік қызмет көрсету мекемесінің директоры:

Жастар келе қоймайды. Бұларға пәтер берілмегесін, пәтерді жалдау – өте ауыр. Қымбаттау болады. Бурабай ауданы курортты аймақ болғасын. Диплом алғасын, практикаға келеді де 1-2 ай үйренеді. Қиын жұмысты, базда жұмыс істеуді, таңертең ерте тұру оған көндіге қоймайды.

Бүгінде еліміздегі мал дәрігерлері өз жұмысын жүйелі атқарып келеді. Дегенмен маман тапшылығы – төрт түліктің бойындағы дертті дер кезінде анықтап, малды қырғыннан аман алып қалуға мүмкіндік бермей отыр. «Дәл қазіргі жағдайда, өңірлерде сібір жарасы секілді қауіпті кеселдің оқтын- оқтын бой көрсетуі осының дәлелі»,- дейді мамандар.  

Базарбай Бұлашев, Ақмола облысының ветеринария басқармасының басшысы:

Біз қазір бұл проблемаларды көтеріп жатырмыз. Жалақысын көтеру жөнінде. Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жазып, бірыңғай баға болсын деп. Мысалы, қан алуға 300-400 теңге, екпе жұмыстарына – 200. Сонда біз мал дәрігерлерінің жалақысын көтеруге мүмкіншілігіміз болады.

Мал дәрігерлері, әсіресе, шалғай елді мекендерде тапшы. Бұл мәселе алдағы жылдары жаппай сипат алуы мүмкін. Себебі салада еңбек етіп жүргендердің көбі зейнет жасына жақындап қалды. «Сондықтан өзгеріс қажет», - дейді мамандар.   

Ермек ЕЛБЕРГЕН


Хабарламаларға жазылу