Шамалған стансасында теміржол өткеліне көпір салу мәселесін жергілікті билік өкілдері халықпен кездесіп, талқылады. Олар жаңа көпірдің орынын анықтау үшін ауылды да аралап көрді. Естеріңізге сала кетейік, екі күн бұрын Ақсеңгір-Шамалған өткелінде пойыз автобусқа соғып, салдарынан көлік жүргізушісі қаза тапқан еді. Ал зардап шеккен екі кішкентай қыз бен анасы әлі аудандық орталық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Сонымен бірнеше жыл бойы жыр болған көпірдің құрылысы қашан басталады? Жұмыс қанша уақытқа созылуы мүмкін?
Көпір салуға жауаптылар келеді деп естіген Шамалған стансаның жұрты ерте жиналды. Өткелдің зары әбден өткен тұрғындар сала мамандарына талап-тілектерін жан-жақтан жаудырды.
— Осы бәленбай жылдан бері қаншама адамның өлімі болды. Қаншама апат болды.
— Кешегіден мен бүгін тұрдым, міне. Өз балам болмаса да біреудің баласы ғой. Менің бес балам қалаға жұмысқа қатынайды.
Халықпен кездесуге арнайы келген облыс әкімінің орынбасары көпірдің бірнеше жыл бойы неге салынбағандығын түсіндірді.
Бағдат Мәнізоров, Облыс әкімінің орынбасары:
Облыс тарапынан осы соңғы екі жылда шу болып, республикаға да төрт рет хат жолдадық. Мынаны тездетіп, көпір салу керек осыны, түзету керек, енді кешегі шудан кейін тіпті айғайға бастық біз. Міне, менің хаттарым бәрін ала келдім. Көрсетем. Мен келгелі өзім бір хат жібердім. Мен бір сағатта тоспас едім дайын болса, оның жөні бар, жоспары бар. Ол көпір, жобасы болу керек, экспертизадан өту керек. Қазір бірінші қаражат жобаға бөлінеді. Екінші экспертизадан өткіземіз. Соның өзі екі-үш айда бітірсек, ол — үлкен жұмыс. Содан кейін екі-үш айда бастап кетеміз.
Ел арасында «Қанды өткел» аталып кеткен жолдан шаршаған ақсақалдар бір көпірді тез арада салуды сұрады. Тіпті, халық түрлі жобаларын да жасап қойған. Мамандарға көпір салуға ыңғайлы орындарды да ұсынды.
Тұмарғали Ықыласов, Шамалған стансасының тұрғыны:
...Мен таза жаңағы болатын жерді көрсеттім. Ал оны түсінбесе, мені шақырса, мен барып, түсініктеме берем. Ол онша қымбат та емес. Көп болса бір 20 үйді алады. Басқа жолдың бәрі дұрыс болады.
Ауылды аралап көрген «Қазавтожол» мамандары мәселені жуық арада шешуге уәде берді. Бірақ Алматыға кіріп-шығатын басқа жол болмағандықтан, нағыз кептеліс құрылыс басталғанда болатындығын ескертті.
Жаңабай Қобыландин, «Қазавтожол» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры:
Осы жерден республикалық маңызы бар жолдан 11 мың, 12 мың машина, ал жаңағы жергілікті жол станция бір Алматы-Шамалған-Ұзынағаш жолымен 10 мың машина жүреді. Шамалғанның өзінде 30 мың халық тұрады. Сол халықты салып жатқан кезде халықты қай жолмен жүргіземіз.
Аймақтың ой-қырын жақсы білетін жергілікті жұрт мамандарға уақытша айналма жол салуға болатын бағыттарды да көрсетті. Ал мамандардың сөзінше, құрылыс жұмысы кемінде бір жылға созылуы мүмкін. Оған дейін мына көліктердің сағаттап кептелісте тұруына тура келеді.
Аманкелді СЕЙТХАН