Президент Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде өңірдің ауыл шаруашылығы өнеркәсібімен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде өңірдің ауыл шаруашылығы өнеркәсібімен танысты

17.09.2019

Астық мол, төрт түлік ырысты болу үшін қажет қадамдар Солтүстік Қазақстан облысында талқыланды. Атбасардан соң осы аймаққа аттанған Мемлекет басшысы ауыл-аймақты, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған жиын өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылық саласындағы еңбек өнімділігінің де, өнімді өңдеу деңгейі де төмен екенін сынға алды. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкімет мүшелері мен облыс басшылығына бірқатар нақты тапсырма берді.

Альбина Әшім, тілші:

Елімізді жоғары сұрыпты ұнмен қамтамасыз ететін астықты аймақта орақ науқаны биыл жылдағыдан кешірек басталды. Оған толассыз жауын-шашын себеп. Дегенмен астық шығымы жаман емес. Облыс бойынша бір гектардан шамамен он бес центнерден алып жатыр. Ал мына алқапта бір гектардан отыз центнерге дейін жеткен. Оны сабақтардың биіктігінен де түсінуге болады. Байқасаңыздар, белуардан асады.

Ал Жамбыл ауданы, тіпті, рекорд орнатты. Онда бір гектардан жетпіс центнерге дейін астық алынды. Қазір өңірдегі егіннің отыз бес пайыздайы орылған. Ендігі басты мақсат — қалғанын рәсуа қылмай, күннің райы бұзылмай тұрғанда жинап алу.

Аққайың ауданындағы алқаптарды аралап болған соң, Президент аймақтың агроөнеркәсіп кешенін дамыту жұмыстарымен танысты. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың айтуынша, 2016 жылмен салыстырғанда майлы дақылдар алқаптары екі есеге ұлғайып, қазір ел нарығының 36 пайызын солтүстік аймақ қамтамасыз етіп отыр. Жыл сайын төрт миллион тоннадан астам астық өндіретін өңір өнімді өңдеу қарқынын да арттырып жатыр. Қазір 616 мың тонна бидай өңделсе, жақында ашылатын жаңа кәсіпорынның арқасында бұл көрсеткішті бір миллион екі жүз мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр.

Жері жайылым үшін жайлы аймақта төрт түлікті өсіруге баса мән берілген. Кезінде Геннадий Зенченко ашқан Новоникольскідегі фермадағы мал басының саны қазір жеті мыңнан асып кетті. Енді оның немересі Иван Зенченко ата жолын қуып, Рублевка ауылында шаруасын дөңгелетіп отыр. Былтыр алты жүз бас ірі қараны Германиядан алып келген екен. Көлігімен ғана емес, түлігімен де мақтана алатын неміс жерінен жеткізілген сиырлар біздің елді жатырқамаған сыңайлы.

Еуропадан әкелінген сиырларға жасалған жағдай да тиісті деңгейде. Күтімі жақсы сиырлар күніне он тонна сүт береді. Қазір олардың барлығы дерлік төлдеп үлгерген. Мына бұзаулар екі күндік қана. Арнайы күтім арқасында аяққа тез арада тұрып кетеді. Ал ересектері ширақ, үш литр сүтті әп-сәтте ішіп тастайды. Он төрт жыл үйде отырып, осында жұмысқа шыққан Инга Садықова бұл ферманың ауыл тірлігіне жаңа серпін бергенін айтады.

Нысандарды аралаған Президенттің де көңілі толған сыңайлы. Дегенмен агроөнеркәсіп кешенін тежеп тұрған мәселелер де аз емес екенін Мемлекет басшысы жасырмады. Қасым-Жомарт Тоқаев біздің елде ауылшаруашылықтағы еңбек өнімділігі бір адамға бес мың долларды ғана құрайтынын сынға алды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сондықтан Президент 2022 жылға дейін саладағы еңбек өнімділігі мен экспортты 2,5 есеге арттыруды тапсырды. Ол үшін жасымық, зығыр, соя сияқты табысы жоғары дақылдарды көбірек өсірген жөн. Тағы бір маңызды бағыт – органикалық ауылшаруашылық өнімдерін әлемдік нарыққа шығару. Қазақстандық отыз кәсіпорын дамыған елдермен бәсекелес бола алатын биоөнім өндіреді. Алайда біздің сертификат сыртта іске жарамсыз. Сондықтан отандық кәсіпкерлер шетел нарығын бағындыра алмай отыр.

Ауылшаруашылық өнімдерінің сапалы, құны жоғары болуына минералды тыңайтқыштардың әсер ететіні анық. Біздің елде тыңайтқыштарды қолдану көрсеткіші тиісті меженің он сегіз пайызын ғана құрайды. Мысал үшін, Ресейде бір гектар жерге отыз тоғыз, Беларусьта елу-алпыс, ал АҚШ –та төрт жүз-жеті жүз келі тыңайтқыш пайдаланылса, Қазақстанда бір гектар жерге бес ақ келі шашылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елімізде минералды тыңайтқыштар өндіретін он екі зауыт бар. Соған қарамастан, ішкі нарық тек қырық пайызға қамтылып отыр. Жыл сайын фермерлер шетелдік 8,5 миллиард теңгені құрайтын инсектицидтер мен фунгицидтер сатып алуға мәжбүр. Ақшамыз сыртқа кетіп жатыр! Сондықтан өзімізде тыңайтқыштардың өндірісін ұлғайтып, ішкі нарықты өз өнімімізбен толық қамтуымыз керек!

Техника жыры да таусылар емес. Еліміздегі ауыл шаруашылық көліктерінің сексен пайызы ескі. Жыл сайын технопарктың тек үш пайызы жаңарады. Сондықтан Президент техниканы жаңарту бойынша орта және ұзақ мерзімді жоспар құруды тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жиында мал шаруашылығына үлкен мән берді. «Азия елдері мен Қытайда қой мен құс етіне сұраныс артып жатыр. Мұны ұтымды пайдаланған жөн», - дейді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сүт өнімі мен құс етін өндіруді екі есе арттырсақ, бүгін біз импорттап отырған қосымша 500 миллион доллардың өнімін алуға болады.

Бас прокуратура кадастрлық құны жеті жүз миллиардтан асатын отыз жеті мың игерілмеген жер учаскесін анықтапты. Ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған учаскелер бес жыл бойы бос тұр. Сондықтан Президент игерілмеген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтара бастауға қазірден кірісу керек екенін айтты. Мемлекет басшысы жиында үкімет мүшелеріне сан алуан сауал қойды. Әсіресе, осы салаға жауапты Сапархан Омаров сын астында қалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ірі қара малдың жаппай сыртқа шығарылуын да сынға алды. Алдымен ішкі нарықты қамту қажеттігі айтылды. Сондай-ақ Президент ауылдарда шағын және орта фермаларды ұлғайту, инфрақұрылымын дамыту, жем-шөп бағасын төмендету, ауыл шаруашылық ғылымын ілгерілету сынды жалпы алғанда жеті бағыт бойынша Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Жер қазынасын ұтымды пайдаланған елдің ұлттық «қазынасы» да мол болатынын Президент тағы бір еске салды.

Альбина ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу