Қазақстан Doing Business рейтингінде 28-орында

17.09.2019

2025 жылға қарай алғашқы 20 елдің қатарына кіруді көздеп отыр. «Бұл мақсатқа жету үшін жалпы ішкі өнімнің тұрақты өсімі қажет»,- деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов. Бұл мәселе бүгінгі Үкімет отырысында кеңінен талқыланды. 

Бүкіләлемдік банк Doing Business рейтингісін 2002 жылдан бастап жариялады. Қазақстан оған 2009 жылдан бері қатысуда. Экономиканың тынысын тыңдап отырған сарапшылар негізінен осы 10 өлшемшартты назарға алады. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті тіркеу, құрылысқа рұқсат алу, меншік құқығын тіркеу, несие алу, инвесторлардың құқығын қорғау, салық заңнамасын оңтайландыру, халықаралық сауда, келісімшартты орындау, электр энергиясымен қамту. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, Қазақстан Doing Business рейтингісіндегі көрсеткішін жыл сайын жақсартып келеді. Яғни, біздің елде бизнес ашу тиімді және жүйелі түрде дамытудың барлық механизмдері қарастырылған. 

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі: 

2050 жылға қарай әлемнің ТОП-30 экономикасына кіру үшін жалпы ішкі өнімнің тұрақты өсімі қажет. Экономикалық өсудің тұрақты қарқыны ел экономикасына инвестициялар ағынымен сүйемелденеді. Бұл жерде инвесторлардың рөлі ерекше. Инвесторларға ең алдымен елдің инвестициялық ахуалы маңызды.

Экономикаға қаржы құйатын инвесторларға қолайлы жағдай жасап, инвестициялар ағымын арттыру бағытындағы жұмыстар қарқындай береді. Осы ретте Үкімет басшысы кәсіпкерлік салаға серпін беретін бірнеше топтама әзірлеуді тапсырды. Атап айтқанда, бизнесті жүргізу шарттарын жақсартуды, кәсіпорындарды ашу және меншікті тіркеу, құрылысқа рұқсат алу және электрмен жабдықтау желілерін қосудың тәртібін жеңілдетуді ескертті. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

Өңірлердің әкімдері реформаларды іске асыру және бизнес жүргізуге инвестициялар тартуға қолайлы жағдайлар жасау, инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмысты күшейтуі қажет. Барлық негізгі бағыттар бойынша өңірлердің рейтингі жүргізілетін болады. 

Ербол Мәндібек, тілші:

Бизнеске қолайлы жағдай жасау рейтингі бойынша Қарағанды және Жамбыл облыстары төменгі көрсеткіште тұр. Бүгін аталған аймақтың басшылары Үкімет отырысына қатысты және жақын арада кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту бойынша нақты шаралар қабылдайтындығын мәлімдеді. Экономиканы әртараптандыру арқылы шикізатқа деген тәуелділіктен арылу мәселесі Үкіметтің күн тәртібінен түскен емес. Осы ретте аймақ басшыларына бизнесті дамытуға барынша басымдық беріп, халықтың табысын арттыру туралы тағы бір мәрте тапсырма берілді. 

Ербол Мәндібек

Хабарламаларға жазылу