Президент «Айбат» ЖШС-ның егістік алқаптарын аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент «Айбат» ЖШС-ның егістік алқаптарын аралады

17.09.2019

Ақмола облысының шаруалары Нұр-Сұлтан қаласын сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге ұмтылуы тиіс. Бұл екі жаққа да тиімді болмақ. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жақсы ауданына жұмыс сапарымен барды. Жергілікті шаруалармен кездесіп, бірнеше нысанды аралады. Жолдауда айтылған тапсырмалардың орындалу барысымен танысып, әкімдерге бірқатар міндеттерді жүктеді. 

Ақмола облысында қазір күзгі орақ науқанының қызған шағы. Шаруалар ауа райының жайма шуақ күндерін пайдаланып, дәнді дақылды қамбаға құйып алуға асық. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Жақсы ауданындағы іргелі шаруа қожалығының егістік алқабын аралап көрді. Қарапайым диқандардың тыныс-тіршілігімен танысып, пікір алмасты.  

Шаруалар көпсалалы бизнеске бет бұрған. Егін егуден басқа мал шаруашылығын қатар ұстап отыр. Көрші елдерге ет экспорттап, әрісі Түркия нарығына шықты. Жолдауда бекіткен міндеттерге сәйкес Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрліктері экспорт мәселесін мықтап қолға алуы тиіс. Осылайша Үкімет шаруалардың кең тыныс алуына жан-жақты қолдау көрсетеді. 

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауылшаруашылық өнімін экспорттау ісінде шикізатқа басымдық беруден бас тарту керектігін айтты. Яғни, өнімді мейлінше өзіміз өңдеуге күш салуымыз керек. Бұл істе Жақсы ауданының шаруалары көпке үлгі. Президент ат басын бұрған дәнді дақылдарды өңдеу кәсіпорыны дайын өнімді сыртқы нарыққа шығарып отыр. Қожалық иесі бұл қадамның уақытылы жасалғанын жасырмады.  

Соңғы жылдары Жақсы спортшылары республикалық сайыстарда үздік нәтиже көрсетіп жүр. Мұнда балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысы спорт сарайына келіп, саңлақтармен жүздесті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Спорт біздің өмірімізге қажет. Мен өз Жолдауымда жаппай спортқа бет бұру қажет екенін айттым. Балаларымызды салауатты өмірге тартуымыз керек. Жаппай спорттан басталса, ертең осылардың ішінен іріктеліп, Юрий Мельниченко, Дина Жоламан сияқты чемпиондар шығады. Сіздердің осы ауданда жаттығып жүргендеріңіздің өзі батырлық. Сондықтан осы жерде болашақ чемпиондардың шығатынына күмән жоқ. 

Президентке ауыл спортын дамытудың болашақ жоспары көрсетілді. Қазір спорт сарайы халықаралық дәрежедегі сайыстарды қабылдауға әзір.  

Бақтияр Тұрғынбаев, жаттықтырушы:

Қазақстан чемпиондарын тәрбиелеп отыр. Халықаралық чемпиондар. 25 спортшы жаттығады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін назардан тыс қалдырмай, туған жерге қызмет етіп отырған шаруа қожалығын көпке үлгі етті. Жалпы, еңбек етемін дейтін адамға мұнда жан-жақты қолдау бар. Тек ниетің болсын. 

Дулат Жексенбайұлы, тілші:

Соңғы он жылда үҮкімет ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға миллиардтаған қаржы бөлді. Алайда оның қайтарымы тиісті деңгейде емес. Тек көмекке қол созып отырған ұсақ шаруалар қаншама. Ендігі меже сыртқы экспортқа сапалы өнім шығару керек. Мемлекет басшысы шаруаларға осыны қадап тапсырды. 

Дулат Жексенбайұлы


Хабарламаларға жазылу