9 жыл кезек күткен Майқайың кентінің тұрғыны баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

9 жыл кезек күткен Майқайың кентінің тұрғыны баспаналы болды

16.09.2019

Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Майқайың кентінің тұрғыны 9 жыл күткен баспананы небәрі 2 күн ішінде алды. Оған жергілікті биліктен көңілі қалған азаматтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жүгінуі себеп болды. 

Жасұлан Қабылбеков 9 жыл бұрын өкпесіне ота жасатқан. Содан бері саманнан соғылған мына ескі үйде тұрып келеді. 1954 жылы салынған баспананың қабырғалары сөгіліп, төбесі құлағалы тұр. Ал дәрігерлер операциядан кейін демікпеге ұшыраған отағасына ауасы тар үйде тұруға болмайды деп анықтама берген. Сол арқылы пәтер кезегіне тұрады. Бірақ туберкулез дертіне шалдыққан жанның шиеттей бала-шағасымен бір үйде тұрып жатқанын біле тұра, жергілікті әкімдік елей қоймайды.

Жасұлан Қабылбеков, Майқайың кентінің тұрғыны:

Аудан әкіміне дейін біледі. Мен ол кісінің қабылдауына 1 емес, 2 рет бардым. Былтыр беремін, алдыңғы жылы беремін деген. Кезінде 48 нөмірден 5 ші нөмірге келдік. Одан қайтып артқа шегеріп тастап отырды. Реті келмеді деді.

Әбден төзімі таусылған Қабылбековтар отбасы «Ертіс - адалдық алаңы» жобалық-кеңсесі арқылы облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне шағым түсірген. Содан екі күн өткенде жақсы хабар жетеді. 9 жыл күткен баспана кент орталығындағы көпқабатты үйден берілген.  

Шолпан Кенжетаева, Майқайың кентінің тұрғыны:  

Осы Майқайыңға «Ертіс - адалдық алаңы» жобасы бойынша дәріскерлер келіп кездесу өткізді. Сол кездесуде Қоқанов Шерхан Дәулетұлына мен сауал қойдым. Ол кісі хабарласып, маған екі күннен кейін жауабын берді. Сізге Баянауыл ауданынан үй берілетін болды деп телефон арқылы хабарлады.

Болат Аманбаев     

Хабарламаларға жазылу