Ұлттық арнадан Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған деректі фильм көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнадан Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған деректі фильм көрсетіледі

15.09.2019

 «Екінші Аристотель» атанған ғұлама ғалым, философ, математик, физик, астроном, әлеуметтанушы, музыка зерттеушісі Әбунасыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына орай, Ұлттық арнаның түсіру тобы күні кеше Сирия елінен, Шам шаһарынан оралды.

Белгілі журналист Дархан Әбдік әзірлеген Әл Фараби туралы деректі фильм Ұлттық арнадан көрсетілмек. Мынадай мәселе: бабамыз мәңгілік тыныс тапқан жерде салынған құрылыс жұмыстары 2011 жылы аяқталған болатын. Бірақ Сириядағы жағдай, соғыс лаңы 7-8 жыл бойы келісімдер жасауға мүмкіндік бермеді. Дәлірек айтсақ, еліміздің қаржылық қолдауымен салынған құрылыстың меншіктік мәртебесі айқындалмай тұр.

Жастайынан оқу-білімге жетік болып грек, араб тілдерін меңгерген Әбу Насыр әл-Фараби Отырар қаласында алған білімін Бұхара, Каир, Александрия, Дамаск, Бағдат қалаларында ұштастырып, ғылымның әр саласында 150-ден астам трактаттар жазды.

Мысалы, 948 жылы жазған «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы» трактатында қала тұрғындарының бақытты өмір сүруіне жағдай жасаған жоғарғы билік өнеріне тоқталған. Онда қайырымды қала тұрғындарының жақсы және игілікті өмір сүруі көбіне басқарушы билік өнеріне байланысты екенін, тек қайырымды билеушілер билеген халқы бар қалалар ғана бақытқа жете алатынын айтады. «Әрбір адам басқа адамның өмір сүруіне қол ұшын беретін, адамдарды біріктіру арқылы өз табиғатына сай келетін дәрежеге ие болатын» қоғам түрін армандап, ұжымдасып көмектесу, бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын қоғамды білімді, сабырлы, адами қасиеттерді бағалауға қабілетті адамдар басқаруы керек деген. Бағдарламаны данышпан бабамыз туралы мына бір тәмсілмен түйіндемекпіз: Бірде Бағдат халифы оқымыстылардың ой өрелестіруі сайысын өткізіп жатады. Төрде отырған сұлтан жиынға кешігіп келген Әбу Насыр әл-Фарабиге «Мұнда әркім өзіне лайық орынға отырады» депті. Әл Фараби сұлтаннан әрірек отыруын өтініп, оның орнына жайғасыпты.

Сұлтан сақшыларына сарайдың құпия тілінде «Сабыр сақтаңдар, ғұлама болмай шықса сазайын береміз» депті. Сонда Әл Фараби «Айтқаныңыз жөн әміршім, сабырлылық әрқашан да данышпандар мен құдіреттілердің үлесіне тиген» деп жаңағы құпия тілде жауап қайтарып, жеті тіл білетінін аңғартқан. Сонда сұлтан: « О, сөздің қадірін білетін ұстазым, онда сөз басы Сізде болсын, құлағымыз Сізде!» - деген екен.


Хабарламаларға жазылу