Президенттің Қытай Халық Республикасына сапары қорытындыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің Қытай Халық Республикасына сапары қорытындыланды

13.09.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдырына араша түсті. Президент Қытайға сапары барысында сол елдің түрмесінде отырған отандасымыздың мәселесін көтерген. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ел президентінің көрші мемлекетке сапары жайлы жан-жақты ақпарат берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі Қытайға алғашқы сапары екі күнге жалғасты. Қос елдің мемлекет басшылары саяси және сауда-экономикалық қарым-қатынасты арттыруға бағытталған келіссөздер жүргізді. «Нәтижесінде, бірқатар құжаттарға қол қойылды. Көршілес елдердің ынтымақтастығын арттыратын келелі келісімдер жасалды, ұзақ мерзімді стратегиялық қарым-қатынасты нығайта түскен жемісті сапар болды»,- деді Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.   

Берік Уәли, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы:  

Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан территориялық тұрғыдан әлемдегі екі алып мемлекетпен құрлықтағы шекарасы бар. Оның бірі — Ресей болса, шығысымызда - Қытай мемлекеті. Қазіргі таңда еліміздің 1782 шақырым шекарасы осы Қытаймен шектеседі. Бұл үлкен құрлықтық шекара болып есептеледі. Көршілес, іргелес тұрған елмен араласпай, алыс-беріс жасамай тұра алмаймыз. Өйткені Қытай біздің Құдай қосқан көршіміз. Сол себепті Қытаймен байланысымызды орнықтыруымыз, мәңгілік стратегиялық әріптестік орнатуымыз заңдылық.

Алдағы уақытта екіжақты инновациялық тың жобалар жүзеге асады. Цифрлық жүйе бойынша байланысты нығайтуға, әсіресе біздің тарап ынталы. 

Асқар Жұмағалиев, ҚР цирфлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі: 

Қысқа мерзімде Астана Хаб 16 миллиард теңгеден астам инвестиция тартты. Қазір қарқынды дамып жатыр. Қытай жұмысы барысында әңгіме болған. Болашақта Астана IT Хаб негізінде инновациялық эко жүйелерін дамыту мақсатында ортақ алаң қалыптаспақ. Келісілді. Болашақта алаң арқылы цифрлық технологиялар пайда болады.

Саяси-экономикалық ынтымақтастықтан бөлек, Президент тағдырына бүкіл ел алаңдап отырған Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін де көтеріпті. Қытай тарапына қазақстандық бойжеткеннің жағдайын айтып, араша түскен. Естеріңізде болса, осыдан 5 жыл бұрын Ақжарқын есірткі контрабандасымен айыпталып, өмір бойы бас бостандығынан айырылған болатын.  

Мұрат Нұртілеуов, ҚР Президентінің көмекшісі:  

Біз жол жүргелі отырғанда 2014 жылы Гонджоу әуежайында Қытай құқық қорғау органдармен ұсталған Ақжарқын анасынан өтініш түскен болатын. Осыған орай, Мемлекет басшысы Бейжіңде Қытай тарапына өзінің өтінішін жеткізді. Жан-жақты талқыланлы бұл мәселе. Оның нәтижелері СІМ арқылы осы жұмысты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Өз тарапынан Мемлекет басшысы мәселеге көңіл бөліп отыр. Сапар нәтижесі бойынша отандасымыздың тағдырына қатысты арнайы пункт ретінде кіретін болады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қытай төрағасын Қазақстанға шақырды. Бұдан бөлек, бірқатар Қытай компаниялары да біздің елмен ынтымақты арттыруға мүдделі.  

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу