Astana Media Week форумы аясында тележарнама өнімдерін ұлғайту жайы талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Astana Media Week форумы аясында тележарнама өнімдерін ұлғайту жайы талқыланды

12.09.2019

Теледидардағы жарнама интернетке дес берер емес. Бұл мәселе бүгін Astana Media Week форумы аясында қаралды. Мәселен, Қазақстанда жарнамаға жұмсалған қаржының 50 пайыздан астамы телеарналар арқылы өткен. Өнімін көк жәшік арқылы таныстырғандар көбірек пайдаға кенелгендерін де жеткізді.

Қазақстандағы жарнама нарығы 60 миллиард теңге шамасында. Оның 34 миллиард теңгесі телеарналарға төленеді екен. Оның басты себебі халық арасында телеарналарға сенімнің жоғары болуы. 

Ильмұрат Жұмаев, «Video International Kazakhstan» компаниясының бас директоры: 

Телеарнаны – кәсіби контент шоғыры деп айтуға болады. Себебі жалған ақпарат берілсе, заң алдында жауапқа тартуға болады. Ал ғаламтордағы әр нәрсе құпия ғой. Кез келген ақпаратты салып жіберсеңіз сізді таппай қалуы мүмкін. Сондықтан халық арасындағы телеарнаға деген сенім 2-3 есе көп.

Дильмурат Рахымов, «International Media Service» компаниясының бас директоры: 

Қазақстанда телеарналар бұрынғыша алдыңғы олрында. Біздің зерттеуіміз бойынша, барлық ірі компаниялар жарнамаға бөлетін қаржысының көп бөлігін осы телеарналарға бағыттайды.

Жарнама берушілердің өзі телеарнаны табыс көзі ретінде қарастыруға болады деп отыр.  

Антон Ким, Екінші деңгейлі банктің маркетинг бойынша директоры: 

Біздің зерттеуіміз бойынша, қызметіміз туралы телеарнаға жарнама берсек пайдамыз 30 пайызға дейін өседі. Сондықтан біз үшін көк жәшіктегі жарнаманың орны бөлек.

Қазақстан корпорациясының тәжірибесін мысал ретінде келтіруге болады. Жыл сайынғы түсетін пайданың негізгі бөлігі осы жарнамаға тиесілі. 

Жаннұр Айдарбекова, «Qazaqstan» РТРК АҚ коммерциялық директоры: 

Біздің корпорацияны алсақ, 2014 жылдан бастап, 5 жылдың ішінде жарнамадан түскен табысымыз 50 проценттен көбейді. Интернеттегі жарнама 1 аудиторияға телеарнадағы жарнама басқа аудиторияға арналады.

Әлем елдерінде, әсіресе батыста телеарнадағы жарнама қаржысы мол үлкен нарық. Мамандардың пайымынша, алдағы жылдары да бұл солай болып қала бермек. 

Оңғар АЛЫПСБАЙҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу