Онкологиялық ауруларды емдеу ісі бойынша Павлодар алғашқы орынға шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Онкологиялық ауруларды емдеу ісі бойынша Павлодар алғашқы орынға шықты

12.09.2019

Қатерлі ісікке шалдыққан адамдарға көмек көрсетуден Павлодар облысының медицинасы көш басында. Оған дәлел - диспансерлік есепке алынған науқастардың 53 пайызы 5 жылдан аса ғұмыр кешкен. Бұл Республикалық көрсеткіштен анағұрлым жоғары.

Жаман ауруды да жеңуге болады! Бұл үш жылдан бері онкология дертімен күресіп келе жатқан Светлана Краеваның пікірі. 64 жастағы зейнеткерге үш рет ота жасалып, бірнеше мәрте химиялық терпапия қолданылған. Қазір жағдайы тұрақты.

Светлана Краева, Облыстық окология диспансерінің емделушісі:

Мен ауруға алдырмаймын. Бәрі жақсы болады. Онкология десе болды адамдардың бойын үрей билейді. Сол ғой өлімге жығып беретін. Ал менің немерелерім бар, соларды өсіруім керек. Қорқып, ауруыма ауру жамауға уақыт жоқ.

Дәрігерге керегі де осы. Жігері бар адам аурумен күреседі. Мәселен, Павлодарда онкологияны жеңіп, 20 жыл өмір сүріп жатқан адамдар бар. Қазіргі уақытта 11 мыңнан аса сырқат диспансерлік есепке алынған.

Сергей Борисенко, Облыстық онкология диспансерінің бөлім меңгерушісі:

Бізде тағы 6 мың адамның есепте тұрғаның айтқым келеді. Олар емнің шипасы тиіп жазылып шыққандар. Негізі біздің ұранымыз ауруды ерте бастан анықтау. Қатерлі ісікті жайылып кетпей емдеген нәтижелі болады.

Биылғы жылы обырға шалдыққан 250 адам белгілі болды. Көпшілігі скринингктік тексеру кезінде анықталды. Яғни ауру әлі асқына қойған жоқ. Сырқаттың сырын біліп алған дәрігерлер «оларға нақты көмек жасаймыз» дейді. Ал аурухана болса, ем-дом жасауға аса қолайлы емес.

Тельман Әлғожин, Онкологиялық диспансердің бас дәрігіерінің орынбасары:

Қазіргі онкодиспансер 61 жылы салынған. Кезінде жатақхана болған ғимарат қой. Біріншіден, іші өте тар. Ал сырқаттар саны көбейіп жатыр. Мүнда кейбір ем түрлерін қолдану қарастырылмаған. Әсіресе сәулелі терапияны жасағанда қиналамыз. Оған арнайы жабдықталған бөлме болуы тиіс.

Құрылысы үш жыл бұрын қолға алынған онкологиялық диспансер биыл қараша айында қолданысқа беріледі. Мекеме обыр ауруына қарсы озық технологиямен жабдықталады.

Болат Аманбаев, тілші:

Олардың бірқатары, әсіресе габариттік көлемі үлкендері құрылыс жүріп жатқан кезде, яғни, қабырғасы қаланып, төбесі жабылмай тұрып орнатылды. Солардың ішінде қатерлі ісік ауруларын емдеудің «алтын стандарты» деп аталатын сәулемен емдеуді жылдамдататын желілік құрылғы бар. Бірақ дәрігерлер: «Заманауи медицина онкологиялық көрсеткіштерді 10 пайызға ғана төмендетуге қауқарлы»,- дейді. Басты жолы салауаты өмір жолын ұстанып, дер кезінде тексеріліп отыру.

Болат АМАНБАЕВ


Хабарламаларға жазылу