Ақтөбеде тұрғындарға жеке үй салуға арналған жер учаскелерін беру уақытша тоқтатылды. Себебі жергілікті билік коммуникациялық желілерді тартып үлгермей жатыр. Бұл жағдай мемлекеттен тегін берілуі тиіс он сотық жерін жыл санап күтіп жүрген тұрғындарды алаңдатып отыр.
Жолдыбике Саттарова жер кезегіне 12 жыл бұрын тұрған. Содан бері күтумен күн өткізіп келе жатыр. Қазір үш отбасы бір шаңырақты паналап отыр. Бұл үйдің өзіне коммуникациялық желілер тартылмағандықтан, су тасып, далада от жағуға мәжбүр.
Жолдыбике Саттарова, қала тұрғыны:
Біздің жасымыз келген, ипотекаға үйге 20 жылға... Менің күйеуім, мысалы, жасы 60-тан асып кетті. Ол ала алмайды. Жер берсе, балалар бір нәрсе қылып салып берер еді. Жер тоқтады дегені адамның миына қонбайтын дүние ғой. Қанша халық жүр қаңғып.
Бұған дейін жер телімін алып үлгергендердің де көбінің қуанышы су сепкендей басылған. Себебі кей аумақтарға инженерлік желілер әлі күнге дейін тартылмаған. Мәселен, Рауан ауылының ондаған тұрғыны суы, газы, жарығы жоқ үйлерге қыстап шығуға мәжбүр болыпты.
Тұржан Әживов, Рауан ауылының тұрғыны:
3 жылдан бері су жоқ, газ жоқ. Қиын. Ертең қыста қар жауады, жолың екібастан. Балалар сабаққа бара алмайды. Батпақ болады.
Әкімдіктің мәліметінше, соңғы бес жылда Ақтөбе қаласында 22 мың адамға жер телімі берілген. Оның 19 мыңына коммуникациялық желілер тартылмаған. Сондықтан әкімдік бұл аумақтардың мәселесін шешпейінше, жер телімін беруді уақытша тоқтатып отыр.
Қамбар Мұқашев, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
19 мың жер учаскесіне инфрақұрылым тартуға 15 миллиард қаржы қажет. Осы жер телімдеріне инфрақұрылым тартылғаннан кейін жер беру рәсімі қайта жаңғыртылады. Бірақ жер кезегіне тұру үшін құжаттар қабылданып жатыр.
Дегенмен әкімдік өкілдері кезекте тұрғандарға жердің нақты қай уақыттан бастап беріле бастайтынын айта алмады. Ол үшін алдымен қаржы мәселесі шешілуі тиіс.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Қазір Ақтөбе қаласы бойынша жер кезегінде тұрған 146 000 адам бар. Бұл сан күн өткен сайын артуда. Ал бұған дейін берілген аумақтарға коммуникациялық желілер тартылмағандықтан, көптеген құрылыс тоқтап тұр.
Жақсыбек КЕМАЛ