Алматыда жүргізушілерге 500 миллион айыппұл салынған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жүргізушілерге 500 миллион айыппұл салынған

12.09.2019

Алматыда қоғамдық көлікке арналған жолаққа шығып, автобус жүргізушілеріне кедергі келтіретіндер көбейді. Осы уақытқа дейін жүгенсіз кеткен жеке көлік иелеріне 500 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Алайда, бұдан ешқандай нәтиже шықпай отыр. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Мұрат Уәлиев 23 жылдан бері қоғамдық көліктің жүргізушісі болып жұмыс істейді. Кейінгі екі жылда талай мәрте осындай жағдайға тап болған. Қалада арнайы жолақтар салынғалы қатынау жеңілдеді. Тек жол ережесін сақтамай ойқастап жүретіндердің кесірінен, кесте уақытынан кешігіп, аялдамаға жете алмаймыз. Бұған жолаушылар да наразы, дейді ол. 

Мұрат Уәлиев, қоғамдық көлік жүргізушісі:

Алдыңа келіп тоқтай қалады. Әдейі келіп тоқтатындар болады, ерегесіп, сигнал бергенің үшін. Полоса осылай постаянно ашық боп тұрса, бізге де жақсы. Халық та кешікпейді, біз де кешікпейміз. 

Ауа-райының қолайсыз күндері жарты сағатқа дейін кешігетін күндер болады/.

Тасымалдаушылар одағы өкілдерінің сөзінше, автобустар уақытылы жүрмегендіктен, қалалық әкімдік автопарктердің басшылығына айыппұл салады. Бұл қоғамдық көлік жүргізушілерінің табысын азайтып, жүйесіз жұмысқа әкеп соғады. 

Сәбит Аманбаев, Тасымалдаушылар одағының басшысы:

Мен ойлаймын, мына батыс елдеріндегідей айыптау деңгейін көтеру керек. Сонда қорқатын болады. Әйтпесе, қазір көрсеңіз автобустан жеңіл көлік көп, арнайы жолақтарды жауып алған. 

Тексерулерді жиі, әсіресе таңертең, кешке көпшілік жұмысқа асығып бара жатқан кезде жолақты босату керек. Тек сол кезде жақсы, сапалы қызмет атқарамыз. Тек сол кезде қала тұрғындары жұмысына, үйіне уақытылы жетеді. 

Қазір мегаполисте 1600 қоғамдық көлік жолаушыларды тасымалдайды. Жол ережесін жиі бұзатындарға тосқауыл ретінде "Жолақ" жүйесі де енгізіліп, 50 троллейбусқа бейнебақылау камералары орнатылған. Бірақ, нәтижесі мардымсыз.

Хабарламаларға жазылу