Ақтөбелік ата-аналар балаларын өзге мектептерге ауыстыруға қарсы шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік ата-аналар балаларын өзге мектептерге ауыстыруға қарсы шықты

11.09.2019

 «Қазақ сыныбы жабылмасын!» Ақтөбелік ата-аналар балаларын өзге мектептерге ауыстыруға қарсы шықты. Айтуларынша, номері 27-інші мектептің оныншы қазақ сыныбында оқу жылының басында 11 оқушы болған. Мұғалімдер оларды басқа білім мекемелеріне ауыстыруды талап еткен. «Балаларымызға психологиялық қысым көрсетілді», - дейді. Мәселе қалай шешілмек?

Бұл екі тілде білім беретін қаладағы мақтаулы білім ордаларының бірі. Биыл 9 сыныпты бір ғана қазақ сыныбы бітірген. Ал жаңа оқу жылына 25 баланың 11-і ғана келіпті. Көбі колледждерге ауысуға мәжбүр болыпты. Оқушылар өздеріне ұстаздардың қысым жасағанын, басқа білім ордаларына ауысуға мәжбүрлегендерін айтады.

Марат Еркебаев, оқушы: 

«Кетіңдер сендер, ЕНТ тапсыра алмайсыңдар, мұндай сабақпен өте алмайсыңдар», «қиын болады, физмат болады» деген соң көп бала кетіп қалды. Ата-аналардың көзінше бәрін айтып тастады, жамандап. Жақсы оқыған балаларды да жамандап тастады. Кейбір балалар жылады.

Жұлдыз Темірбаева, оқушы: 

Мектептен кету үшін бәрін істеп жатыр. Мен келген кезде 1 завуч болды, Мария Маратовна, ол да біз туралы «Кетіңдер, кетіңдер» деп, «10 класс болмайды» деп қақсап жүрді.

Ата-аналар да ұстаздардың қазақ сыныбын қалдыруға ықылас танытпағанын айтады. Енді балаларын қайда апарарын білмей дал болып жүр.  

Абай Еркебаев, оқушының әкесі: 

Оқымайтындардың бәрін қуып шығарды 27 мектеп. Оқитындардың бәрін алып қалды. Аяғына келгенде бізде бала жоқ деп ақталып жатыр. Бір мектеп, бір қазақ сыныбын аша алмаған деген сұмдық.

Білім ордасының басшылығы «қазақ сыныбын жабудан басқа амалымыз жоқ» дейді. Себебі бала саны жеткіліксіз. Ал оқушыларға қысым көрсетілгенін мойындамады. Жоққа да шығарған жоқ. 

Алтынгүл Галеева, №27 мектеп-лицей директорының міндетін атқарушы: 

Олар ондай жағдай болғанда ата-аналар келіп директордың атына арыз жазуы керек еді. Сонда біз шара қолданатын едік. Бұл мәселе қазақ сыныбы, орыс сыныбы болып тұрған жоқ. Мәселе – баланың санында. 11 балаға заң бойынша қалалық жерде сынып ашылмайды.

Ал қалалық білім бөлімінің мамандары мәселені өзге мектептерден оқушы әкеліп шешпек болған. Алайда, ауысуға ниеттілер табылмаған. 

Жұлдыз Шалабаева, Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары: 

Қызмет көрсету аумағындағы балалармен жұмыс жүргізілді. Дегенмен 10 сынып оқушыларының өздерінің қазіргі таңда сұраныстары ескеріледі. Оқушылар ниет білдірмегендіктен ол класты толықтыру мүмкін болмай отыр.

Жақсыбек Кемал, тілші: 

Бүгін бұл қазақ сыныбында бар болғаны 8 оқушы қалғаны белгілі болды. 3 баланың ата-анасы балаларының құжаттарын өзге мектептерге ауысу үшін алып кеткен. «Қалғандарының мәселесін білім саласының мамандары жуық арада шешеміз»,- дейді.

Жақсыбек КЕМАЛ 


Хабарламаларға жазылу