Премьер-Министр Арыстағы құрылыстың барысымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-Министр Арыстағы құрылыстың барысымен танысты

11.09.2019

Үкімет басшысы іс сапармен Түркістан облысына барды. Алдымен Арысқа соғып, қаланы қалпына келтіру жұмыстарын пысықтады. Құрылысы аяқталған бірнеше тұрғын үйге, темір жол вокзалын, батырлар аллеясына аялдады. Ізін ала Түркістанға барып, көптеген әлеуметтік, әкімшілік, тарихи-мәдени нысандардың құрылысымен танысты.

Нұрлан Егізбаевтың қуанышы қойнына симай жүр. Саз балшықтан салынған ескі үйінің сау тамтығы қалмай, сең соққан балықтай боп еді. Енді міне, 60 жыл түтін түтеткен қарашаңырағының отын өшірмей, орнына жаңа баспана салып бергендерге дән риза. Жаңа қонысқа құтты болсын айта келген Үкімет басшысына да алғысын жаудырып тұр.  

Үйі жыртық тамшы жейді, Жалқау тантық қамшы жейді. Премьер-Министр құрылыс қарқынын күшейтуді тапсырды. Айталық, әскери қалашық түбіндегі барак үйлердің тұрғындары әлі мектептің бір бұрышын паналап жүр. Оларға арнап салынып жатқан 50 үйдің бүгінде 10-ы ғана дайын болыпты. «Электр, су, кәріз желілері тартылған. Ішінара жиһаз да қойылған. Алайда тұрғындарға пәтер кілттері ай соңында ғана табысталады»,- дейді Арыс әкімі.       

Мұрат Қадырбек, Арыс қаласының әкімі: 

Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға 3 көппәтерді үй салынып жатыр. 3 жерде 107 пәтер. Сол жерден беріледі. Ал бұл жерде жарылысқа байланысты тұрғын үйсіз қалғандарға береміз деп жоспарлап отырмыз.

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші: 

100 жылдық тарихы Арыс вокзалы 2010 жылы ерекше қорғалатын тарихы нысандар есебіне алынған. Сондықтан күрделі жөндеу кезінде ғимараттың тарихи- архитектуралық келбетін сақтап қалуға ерекше мән берілді.

Тоғыз жолдың торабындағы темір жол бекетінің ішкі-сыртқы бедері көзді арбайды. 1904 жылы салынған бұл нысан тарихи ескерткіш ғана емес, көпшілікке арналған қоғамдық орын ретінде халыққа қызметін жалғастыра береді.  

Арман Жетпісбай, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры ақ басқарма төрағасы:   

Инженерлік жүйелер түгел ауыстырылды. Бәрі ескірген. Сосын айналасының бәрі абаттандырылды. Іші, сырты түгел. Әрбір нысанның өз паспорты болады. Соған сәйкес сыртқы келбеті сол күйі сақталып қалды.

Ала таңнан Арысты аралаған Үкімет басшысы түс ауа Түркістанға жетті. Халықаралық әуежай құрылысымен танысты. Бұл 70 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған ірі жоба. Жылына 3 миллион жолаушыға қызмет көрсететін терминал құрылысы келесі жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Үкімет басшысы, сондай-ақ жаңа медиаорталықтың, конгрес холл, қазақ драма театры, Нұр-Сұлтан алаңы, Олимпиадалық резерв мектебі, Салтанат сарайы секілді бірнеше нысандардың құрылыс барысын бақылады.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу